• 31-03-2025

Бала асырап алу рәсімін жеңілдету бойынша қандай өзгерістер енгізілетіні айтылды

Елімізде бала асырап алу тәртібі қолданыстағы заңнамамен реттеледі.

2025 жылдың шілдесінен бастап отбасылық орналастырудың жаңа нысаны – баланы қабылдаушы кәсіби отбасы енгізіледі. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің сенаторлардың сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұған дейін сенатор Геннадий Шиповских жетім балаларды асырап алғысы келетіндер қандай кедергілермен кездесетінін айтқан болатын. Оның айтуныша, бүгінгі таңда елімізде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны азаймай тұр. Осыған байланысты бала асырап алу рәсімін жеңілдету ұсынылды.

Үкімет басшысы бала асырап алу тәртібі "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекспен реттелгенін еске салды. Бала асырап алуға кандидаттар деп тану "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы мемлекеттік қызмет түрінде жүзеге асырылады.

"Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларға, оның ішінде асырап алуға орналастыру рәсімі "Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды өз отбасыларына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың республикалық деректер банкі" ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – РДБ) арқылы жүзеге асырылады. Көрсетілген санаттағы балаларды орналастыру тәртібін жеңілдету, ұсынылатын құжаттардың санын оңтайландыру және қарастыру мерзімдерін қысқарту мақсатында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жолымен (тартылған қаражат есебінен) бизнес-процестерді жетілдіру бөлігінде РДБ жаңғырту бойынша жұмыс басталды", — делінген жауапта.

Қабылдаушы отбасыларды материалдық қолдау жетім балаларды асырауға ай сайынғы жәрдемақы (әр балаға 10 АЕК), патронат тәрбиешілер мен қабылдаушы ата-аналардың қызметтеріне ақы төлеу (2023 жылы төлем мөлшері 58 мыңнан 137 мың теңгеге дейін екі есеге ұлғайтылды), асырап алушыларға біржолғы жәрдемақы (75 АЕК) арқылы жүзеге асырылады.

Сондай-ақ бала асырап алушыларға, қамқоршыларға бала күтімі бойынша демалыс беріледі, әлеуметтік төлемдер жүргізіледі, сондай-ақ салық жеңілдіктері көзделген.

"2025 жылдың шілдесінен бастап отбасылық орналастырудың жаңа нысаны – баланы қабылдаушы кәсіби отбасы енгізіледі, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды интернаттық ұйымдарға апармай, осы отбасыларға орналастыруға мүмкіндік береді. Баланы қабылдаушы кәсіби отбасыларды материалдық ынталандыру мақсатында оларға ай сайын баланы күтіп-бағуға жәрдемақы (10 АЕК), кәсіби қабылдаушы тәрбиешілердің қызметтеріне ақы (әрқайсысына 70 АЕК) төленетін болады", — деп атап өтті Олжас Бектенов.