• 30-03-2025

Заң параспортшылардың мүмкіндіктерін шектемеуі керек - Мәулен Әшімбаев

Бүгін сенаторлар дене шынықтыру және спорт мәселелері, сондай-ақ заңнамадағы артық реттеуді алып тастауға қатысты заңды қарады. Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев осыған байланысты спорттың басым түрлерін анықтау параспортты қаржыландыруға қалай әсер ететіні және заңнамадағы жаңа нормалардың параспортшыларға әсері жөнінде сұрақ қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев параспортшылар әлеуметтік желілерде қаржыландыру мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдіргенін атап өтті. Ол қабылданатын кез келген шешімнің салдарын мұқият зерделеу қажет екенін айтты. Ең алдымен, дене шынықтыру және спорт мәселелеріне қатысты заң, сондай-ақ, заңнамадағы шамадан тыс регламенттеуді алып тастау параспортшылардың мүмкіндіктерін шектемеуге тиіс екенін тілге тиек етті. Осыған байланысты Палата Спикері сенаторларды аталған мәселені бақылауда ұстауға шақырды.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы елімізде Паралимпиада бағдарламасына кірмейтін спорт түрлерінің де назардан тыс қалмауы керектігін айтты. Ол, әсіресе, арбада отырып билеу секілді танымал спорт түрлерін қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Олардың ішінде арбада отырып билеумен айналысатын азаматтарымыз бар. Бұл – параспорттың кең таралған түрі. Сондықтан Сенаттың тиісті комитеті осы мәселені бақылауда ұстайды және бұл заң оларға шектеу жасамауы керек. Параспорттың басқа түрлерін қаржыландыру да тоқтап қалмауы қажет. Бұл – өте нәзік мәселе. Мен сіздің (Туризм және спорт министрлігі өкілінің) ойыңызды түсініп отырмын. Әрқашан басымдықтар болуы керек, назар аудару мен қаржыландыру тұрғысында нақты қараған жөн. Соның ішінде параспортқа аса мұқият болуға тиіспіз. Бұл жерде біраз мәселе бар. Әрі қарай, құқық қолдану барысында қарастырып, қажет болған жағдайда заңнаманы жетілдіреміз. Кейбір мәселелер заңнан кейінгі актілермен реттелуі мүмкін», деді Мәулен Әшімбаев Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаевқа.