• 30-03-2025

Өзімді қазақтың қызы санаймын - Альбина Девивые

Қазақ тілін ана тілі санайтын славян қызы Альбина Девивые Қарағанды ​​облысында татар-неміс отбасында дүниеге келген. Қазақ мәдениетіне терең бойлаған ол қазіргі таңда әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, қазақ тілінің қоғамдағы орны мен маңызы туралы ой-пікірлерін білдіріп жүр. Бұл мақалада Альбинаның тіл үйренудегі тәжірибесі, отбасындағы қазақи дәстүрлер мен болашаққа деген көзқарасы жайында әңгімелестік.

Қазіргі таңда Альбина Бөкетов атындағы университетте журналистика мамандығы бойынша білім алып жүр. Әңгіме барысында ол журналистикаға қызығатынын, түрлі сайыстарға қатысып, осы жолда өзін шыңдап келе жатқанын айтты.

«Қазір оқуымды толықтай игеріп, білікті маман болуды көздеймін. Сонымен қатар, әртүрлі конкурстарға қатысып, өзімнің шеберлігімді арттыруға тырысамын. Әлеуметтік желі арқылы ойларымды, көзқарасымды бөлісіп, қоғаммен байланыс орнатуға да көп көңіл бөлемін. Инстаграмда белсендімін, оқырмандарыммен эфирге шыққанды ұнатамын», дейді ол.

Альбинаның әкесі ұлты татар болғанымен, қазақ тәрбиесінде өскен. Балаларымен кішкентай кезінен бастап тек қазақ тілінде сөйлескен. Сондықтан Альбина да бойына қазақ тәрбиесін, мәдениетін сіңіріп өскен.

«Отбасым үлкен әрі берік. Әкем – Виталий, анам – Наталья, олар мал шаруашылығымен айналысады. Анам сүт өнімдерін өндіреді, өз жеріміз бен жайылымымыз бар. Біздің отбасымызда қазақи дәстүрлер ерекше орын алады. Мысалы, «Қонақ келсе, құт келеді» және «Аманшылық болсын» деген сөздер мағыналы әрі маңызды. Ата-анам маған өте көп өмірлік құндылықтарды үйретіп келеді», дейді Альбина.

Сондай-ақ славян қызы орыс тілінде сөйлеу оған қиындық тудыратынын, орыс тілін енді үйреніп жүргенін, тілін жетілдіру үшін көп оқып, тәжірибе жинап жүргенін айтып өтті.

Альбина өзін қазақтың қызы деп санайды, себебі оның жүрегінде қазақтың рухы мен мәдениетіне деген терең махаббат бар. Бұл – тек сөзбен айтатын ұғым емес, ол өмірінің негізіне айналған шынайы сезім. Қазақ тілінде еркін сөйлеп, осы тілде ойларын ашық білдіру ол үшін табиғи нәрсе. Ол қазақтың салт-дәстүрлерін, ұлттық құндылықтарын жүрегіне жақын ұстап, сол арқылы өз өмірін байытуды мақсат етеді.

«Иә, өзімді қазақтың қызы санаймын, себебі осы мәдениетте тәрбиелендім. Тілім де, құндылықтарым да – қазақы. Бұл мен үшін жай сезім емес, өмірімнің бөлігі. Қазақи салт-дәстүрлерді де бойыма сіңіріп өсіп келемін. Маған әсіресе тұсаукесер мен беташар дәстүрлері ерекше ұнайды», дейді ол.

Альбина қазақ әдебиетіне ерекше құрметпен қарайды. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерінен бастап, Мағжан Жұмабаев пен Оралхан Бөкейдің шығармаларына дейінгі әрбір сөз, әрбір шумақ оның жүрегіне әсер етеді.

Сонымен қатар, ол тек қазақша сөйлеп қана қоймай қазақ тілінде өлең-жолдарын жазатынын айтып өтті.

«Анамның бойында ақындық қасиет бар. Ол Абай өлеңдерін сүйіп оқиды, жас кезінде жарыстарға қатысып, өлең жазған. Мүмкін, шығармашылыққа деген қызығушылығым анамнан дарыған шығар», дейді жас қыз.

Альбина үшін қазақ тілін білу тек тілдік дағды емес, оның өміріндегі үлкен артықшылықтардың бірі. Қазақ тілінде сөйлеу оған айналасындағы адамдармен терең әрі шынайы байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

«Қазақ тілін білу маған адамдармен еркін қарым-қатынас жасауға, мәдениетті терең түсінуге және кәсіби мүмкіндіктерімді кеңейтуге көмектеседі. Бұл – менің болашағым үшін үлкен артықшылық. Қазақша үйрену үшін қорықпай сөйлеу, кітап оқу, тыңдау және күнделікті қолдану маңызды. Ең бастысы үздіксіз тәжірибе керек», дейді ол.