Мьянмадағы апаттан келген шығын көлемі 70 млрд долларға жетуі мүмкін
Мьянмадағы жойқын зілзала ел экономикасын титықтатты. Кейбір деректер бойынша 7,7 баллдық жер сілкінісіне ...
Жүз бір жастағы Қалмен Мұратов Ордабасы ауданындағы көзі тірі жалғыз ардагер.
Ол 18 жасында майданға аттанып, Беларусь фронтында соғысқа кірді. Ржев-Великие Луки және басқа да көптеген қаланы неміс басқыншыларынан азат етуге қатысты. 1944 жылы қатты жараланып, елге оралды. Оқ пен оттың арасынан аман келген ардагер енді соғыс болмасын деп тілейді.
Қалмен Мұратов 1924 жылы 20 ақпанда Таздар ауылында дүниеге келген. 1942 жылы 7-сынып оқып жүргенде әскер қатарына шақырылып, Аягөздегі айлық командирлік курстан өткен. Кіші сержант шенін алып Беларусь майданында соғысқа араласқан. Екі жыл қан майданда талай ұрысқа кіріп, Витебск қаласын жаудан азат ету кезінде қатты жараланып, елге қайтарылды.
Қалмен Мұратов, соғыс ардагері:
- Офицерлер жұмсайды, жүгіріп кете беремін. Барып хабар беремін. «Мына жақпен жүрсін, ана жақпен жүрсін» деп жатыр деп. Мына қолыма оқ тиді. Былай буып берді. Сосын «болмайды» деді ғой. Мен айттым «жүрген жерімді білмеймін. Қазір қай жер екенін де білмеймін. Өздерің үйге апарып тастамасаңдар, мен үйді таппаймын» дедім. Үйге әкеліп тастады ғой.
Қалмен Мұратов I дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Германияны жеңгені үшін» медальдарының иегері. Елге келген соң колхоздың жұмысына белшеше араласты. Кейін теміржол саласында еңбек етті. «Құрмет белгісі», «Еңбек ардагері» сынды марапаттар алып, зейнетке шықты. Жасы жүз бірге келсе, өзі жүріп тұрады. Ешкімге салмағын саймайды,- дейді балалары.
Жақып Мұратов, үлкен ұлы:
- Ауылдағы әкімшіліктен, облыстан көмек беріп тұрады. Дәрігерлер келіп қарап тұрады. Сауықтыру орталықтарына жатқызып тұрады. Қазір әкеміздің 6 бала, 2 қыздан 31 немере, 82 шөбересі бар. Жағдайы жаман емес, денсаулығы жақсы.
Қазір қария Бадам ауылында кіші ұлы Батырдың қолында тұрады. Әр мереке сайын ұл-қыздары қарашаңыраққа жиналып, әкелеріне құтты болсын айтып келеді. Немере-шөбересінің ортасында асқар таудай қорған болып отырған ардагер бейбіт заманның бағасын білуге үндеді.
Қалмен Мұратов, соғыс ардагері:
- Елімізде соғыс болмасын. Тыныштық заман болсын. Бейбітшілікте қалай жүремін десең, жүресің, тұрамын десең, тұрасың, ойнаймын десең, ойнайсың. Ешқандай жаманшылық көрмеңдер, көргендеріңнің бәрі жақсылық болсын. Әумин, аллақу әкбар.
Қазір Түркістан облысында 200 мыңға жуық зейнет жастағы қария тұрады. Олардың 9-ы соғыс ардагері болса, 3 мыңнан астамы тыл еңбеккері. Жеңістің 80 жылдығына орай әрбір соғыс ардагеріне 5 млн теңгеден сыйақы беріледі.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш