ШҚО-да хирург артық ақы алып келген
Шығыс Қазақстан облысы Шемонайха ауданындағы түрмеге келген хирург 15 адамды тексерген. Алайда, құжатқа 160 ад ...
Бұл жұмыс Мемлекет басшысының Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында үш жаңа әуежай салу жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізілуде.
Жұмыс барысын көлік министрі Марат Қарабаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов барып көріп, оның ресми түрде басталғанын мәлімдеді.
Қатонқарағай ауданындағы әуежай Белқарағай ауылы маңындағы 266 гектар жерде орналасапақ. Әуежай аймақтың климаттық және географиялық жағдайын ескере отырып салынуда. Жоба аясында алдағы уақытта кеңейту мүмкіндігі бар 2,2 мың метрлік ұшу-қону жолағы қарастырылды.
Мұнда Bombardier Q400, ATR-72 және басқа да ұқсас типтегі заманауи әуе кемелерін қабылдау көзделген. Сонымен қатар жоба аясында толыққанды инфрақұрылым құру: 4 әуе кемесіне арналған перрон, 4 мың шаршы метрлік заманауи аэровокзал, командалық-диспетчерлік пункт, апаттық-құтқару қызметі, метеостанса және радионавигациялық жабдықтар қарастырылған. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 150 жолаушыны құрайды, бұл аймақ үшін оңтайлы әрі орнықты әуе қатынасы үшін тұрақты негіз болмақ.
«Қазірдің өзінде Қатонқарағайға жылына 100 мыңға жуық турист келеді. Алдағы бес жылда бұл көрсеткіш 250 мың адамға дейін артады деп күтілуде. Бұл бағыт қазақстандық және шетелдік қонақтар арасында сұранысқа ие. Нысан қолданысқа тапсырылған соң Катонқарағайдан Астанаға, Алматыға және Өскеменге, сондай-ақ Алтай мен Қанасқа (ҚХР), Баян-Өлгейге (Моңғолия) дейін қатынайтын халықаралық рейстер ашылады. Көлік министрлігі жұмыстың орындалу мерзімі мен сапасын жіті бақылайды», деп атап өтті министр Марат Қарабаев.
Шығыс Қазақстан облысында туризм саласын одан әрі дамыту үшін Көлік министрлігі туристік нысандарға апаратын барлық жолдарды жөндейтіндігі мәлімделді.
«Биыл Қалбатау – Майқапшағай тас жолының құрылысы аяқталады. Алтай мен Қатонқарағай елді мекендері арасындағы, одан әрі Рахман қайнарына дейінгі учаскеде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Марқакөл көліне дейін көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін биылдан бастап Теректі – Ұрынхай жолын жөндеу, сонымен қатар жалпы ұзындығы 120 шақырымды құрайтын Аустрия жолындағы көпірлер мен құбырларды жөндеу жоспарланған. Семей қаласына, сондай-ақ Риддер және Шемонаиха қалаларына баратын жолдарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жолдар келетін туристер ағынын қамтамасыз етеді» деді Марат Қарабаев.
«Бұл ауқымды жоба өңір үшін үлкен серпіліс болып, экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. Әуежайлардың құрылысы туризмнің дамуына, көлік-логистика инфрақұрылымының нығаюына және шетелдік инвестиция тартуға қуатты серпін береді. Жаңа кәсіпорындар ашылып, қосымша жұмыс орындары құрылып, салық түсімдері артады деп күтілуде. Нәтижесінде, өңірде халық табысының өсуіне, тұрмыс сапасының жақсаруына және облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің одан әрі нығаюына ықпал ететін айтарлықтай мультипликативті әсер болады», деп атап өтті облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.