• 02-04-2025

Cловения президенті Қазақстанға ресми сапармен келді

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Қазақстан мен Словения, ғылым-білім, туризм, сауда, көлік логистика салаларында ынтымақтаса жұмыс істейтін болды. Мұндай келісімдерге Наташа Пирц-Мусардың Қазақстанға ресми сапары кезінде қол жеткізілді. Қос елдің Президенттері басқа салаларда да бірлескен жобаларды көбейтуге уағдаласты. Оңғар Алпысбайұлы толықтырып жеткізеді.

Наташа Пирц-Мусар Словенияның алғашқы әйел президенті. Қазақстанға Ресми сапармен бірінші рет келіп тұр.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қазақстан мен Словенияны сан саладағы серіктестік байланыстырады және ол жыл санап артып келеді. Ал президент деңгейіндегі осындай ресми сапарлар екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін береді. Президенттер бір-біріне делегация мүшелерін таныстырғаннан кейін шағын құрамдағы келіссөздерді өткізу залына аттанды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, оның сапары Қазақстан-Словения серіктестігін тереңдетуге септігін тигізіп, кең мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Словениямен тығыз ынтымақтастық құруға ниеттіміз. Бұл анық. Президент ретінде өзара мүддемізге сай келетін барлық саладағы байланысты нығайтуға күш-жігерімді саламын. Біз Словенияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі негізгі және өте маңызды серіктестерінің бірі ретінде қарастырамыз.

Қазақстан мен Словенияның арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 33 жыл. Осы жылдар ішінде екі ел арасында шешілмей қалған мәселе болмады. Кеңейтілген құрамдағы келіссөз кезінде тараптар барлық саладағы байланысты бекемдей түсуге бейіл екенін айтты.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрі:

Перспектива жаңағы мен айтқан қызметтерді дамыту. Олар да біздер де ІТ саласын, жасанды интеллект саласын Еуропамен, басқа елдермен салыстырғанда өте жоғары дамуда. Сол себепті. Екіншіден – көлік логистика. Себебі Еуропаның кіреберісінде тұр. Үшіншіден туризм әрине.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі:

eGov мемлекеттік қызмет саласында, онлайн қызмет саласында олардың да деңгейі жоғары. Біздікі сияқты. Топ 30 мемлекетке ООН индексінде кіреді.

Словения бұрын Югославия құрамында болып, қазір Еуропалық одақ мүшелігіне өткен – жалғыз ел. Ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешірді. Дегенмен тез арада ес жиып, жан-жақты даму жолына түсті. Сондықтан өзге елдермен тығыз байланыс орнату олар үшін аса маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Цифрландыру және инновация, жасыл энергетика, атом өнеркәсібі, денсаулық сақтау, туризм салаларында тың жобаларды жүзеге асыруға келістік. Қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырып, оның қызметін жаңа деңгейге көтеруге шақырдым.

Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Словенияның «Лука Копер» теңіз портын қатыстыру жөнінде ортақ пікірге келді. Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық жайында да пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Словенияның білім беру жүйесі дүние жүзінде озық жүйе ретінде мойындалған. Сондықтан біз екі ел университеттері арасында байланыс орнатуға мүдделіміз. Ертең Словения Президентінің бастамасымен Елордадағы мектептердің бірінде «Жас бал аралары бейбітшілікті жақтайды» тақырыбы бойынша сурет көрмесі өтеді. Екі елдің оқушыларын халықаралық деңгейдегі осындай жобаларға тарту экология және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді деп сенемін.

Қазіргі геосаяси жағдай өте күрделі. Тараптар халықаралық және аймақтық өзекті мәселелерді талқылап, ұстанымдарының ортақ екенін жеткізді. Екі ел президенттерінің бірлесе өткізген баспасөз брифингі кезінде Наташа Пирц-Мусар барлық бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.

Наташа Пирц-Мусар, Словения Республикасының президенті:

Бүгінгі кездесулер, жалпы бұл сапар Словения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашады деп ойлаймын. Екі ел де өзара түсіністік пен құрметке негізделген халықаралық құқық, орнықты даму мен серіктестік қағидаттарын қолдайды. Мен бұған ризамын. Келешекте де осы бағытта жұмыс істей беретінімізге сенімдімін.

Келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер Бірлескен мәлімдеме қабылдап, білім, ғылым, туризм, сауда салаларында бірлесе жұмыс істеу туралы келісімдерге қол қойылды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Словенияның Қазақстанға құйған тікелей инвестициясы 200 млн долларға жуықтайды. Қазір елімізде фармацевтика, машина жасау, телекоммуникация, жаңартылған энергия көздері сияқты салаларда Словения капиталы бар. 19 компания табысты жұмыс істеп тұр. Осы сапарда ол елдің ірі кәсіпкерлері Қазақстанға бірге келді. Ертең ауқымды келіссөздер жүргізілмек. Яғни болашақта тағы да ірі жобалар қолға алынуы мүмкін.

Оңғар Алпысбайұлы