• 02-04-2025

Қазақстан-БАӘ: инвестициялық ынтымақтастықтың игілігі мол

Қазақстан инвестициялық тартымды елге айналды. Осы күні Қытай, Ресей, АҚШ, Еуроодақ, Таяу Шығыс, Азия және басқа да нарықтағы мемлекеттермен ірі инвестициялық жобалар қолға алынған. Әрбірі мемлекеттік органдардың жіті назарында. Қазақстанмен тиімді ынтымақтастық орнатқан елдің бірі – Біріккен Араб Әмірліктері. Қос тарап биыл экономикалық байланысты тереңдетуге күш салды. Бұған жыл басында президенттің Әбу Дабиге жасаған сапары себеп.

Біріккен Араб Әмірліктері – Қазақстанның ірі инвестициялық серіктесі. Бұл сөзімізге мына сандар дәлел. Бүгінде екі елдің ортақ инвест қоржынында жалпы құны 7,7 млрд долларға тең қырыққа жуық бірлескен жоба бар. Әмірлік кәсіпкерлері қаржыны көбіне біздегі логистика, ауыл шаруашылығы, туризм, IT салаларына құйғанды қалайды.

2023 жылы араб мемлекетінен Қазақстанға 900 млн доллар капитал тартылды. Былтырғы 9 айдағы көрсеткіш бұдан сәл кем. Дегенмен сарапшылар кейінгі жылдардағы ахуалдың оң бағытта өзгергенін айтады. Себебі еліміздің табиғи ресурсы мен инфрақұрылымдық әлеуеті мол, ал Әмірліктер тарапы логистика, энергетика сынды салаларда тың тәжірибеге иек артады.

Абдулла Заед, «Masdar» компаниясы бизнес және жобалық даму департаментінің директоры:

- Қазақстан энергетика саласында батыл қадамдар жасады. Әсіресе өндірісті көмірқышқыл газынан арылту мен «жасыл» және жаңартылатын қуат көзіне көшу бағытында біраз шаруа атқарылды. Сондықтан кейінгі 2 жылдан бері жергілікті серіктестерімізбен қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Олар біздің ұсыныстарымызды қолдады және нәтижелі іске асуына бар күш-жігерін жұмсап жатыр.

Масдар – баламалы қуат өндіруден тұтас әлемге танылған компания. Кәсіпорын келер жылдың алғашқы тоқсанында Жамбыл өңірінде қуаттылығы 1 гигаватт жел электр станциясының құрылысын бастайды. Жобаға 1,4 млрд долларға жуық инвестиция құйылады. Бұл істің барысын жауапты мекемелер айрықша бақылауда ұстап отыр. Осы күні араб мемлекетінің теңіз порттарын басқаратын компания Қазақстанның «Қазтеңізтрансфлот» мекемесімен бірлесіп, Каспий айдынына жаңа кемелер жіберді. Қолданыста екі танкер бар. Біріккен компания алдағы уақытта өнімділігі жоғары жаңа паромдарды іске қосуды көздеп отыр. Жоба жүзеге асса, қазақстандық тауар тасымалдаушылардың транзиттік мүмкіндігі артады.

Абдулазиз Заид Әлшамси, «AD Ports Group» компаниясының орталық азия және шығыс еуропа бойынша атқарушы директоры:

- Қазір инвестициялық ынтымақтастықтың арқасында аймақтағы сауданың ауқымы көбейіп жатыр. Сіздің ел географиялық орналасу тұрғысынан алғанда стратегиялық өте маңызды дер едім. Әлемдік саудада шешуші рөл ойнайтын әлеуетке ие. Жергілікті серіктестерімізбен порттарды дамыту мен логистиканы ілгерілету мақсатында өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделіміз.

Былтыр еліміздің «Taraz» және «Liwa» кемелерімен Каспий айдыны арқылы 874 мың тонна қара алтын экспортқа жөнелтілді. Осы шаруаны қазақстандық компания Әмірлікпен бірлесіп ширатып отыр. Қазір тараптар Құрық портында жаңа астық терминалын салып жатыр. Оған абудабилік инвесторлар 30 млн доллар бөлген.

Авторы: Рауан Мыңбай