• 05-04-2025

Нейропсихолог: ChatGPT оқушылардың үлкен мәселесіне айналып келе жатыр

ChatGPT елдегі оқушылардың көмекшісіне айналды. Қажет десеңіз , үй тапсырмасын орындап береді.

Алайда оқу процесінде нейрондық жүйелерді жиі пайдалану салдарынан балалардың бойында ашушаңдық пен эмоционалды тұрақсыздық пайда болуы мүмкін. Психологтар осылай деп отыр.

Мерей Қанапия, тілші:

- Қанат Әбілмәжінов математика пәнінің мұғалімі әрі мектеп директорының орынбасары болып қызмет етеді. Ол қазіргі жасанды интеллектінің танымалдылығын оқушыларынан естіп білген. «Балалардың қай жерде ойланып, қай жерде ChatGPT-дің көмегіне жүгінгенін оңай ажырата аламын», — дейді ұстаз.

Қанат Әбілмәжінов, мектеп директорының орынбасары:

- Сыныпта 20 оқушы болса, соның 10%-ы ChatGPT-дің көмегіне жүгінеді. Олар үй тапсырмасын 5-ке орындап келеді. Ал тақтаға шыққанда абдырап, өз ойларын жеткізе алмайды. Осыдан-ақ жасанды интеллектіні қолданғанын аңғаруға болады. Қазіргі оқушылар ойланып, сұрақтың, есептің шешімін өздігінен тапқысы келмейді. Дайын жауапқа ұмтылады. Оған эссе секілді шығармашылық жұмыстар дәлел. Әрине, мүлде қолданбасын демеймін. Тек дұрыс жағынан пайдалану керек.

Астаналық нейропсихолог Сандра Степанова қазір ChatGPT мектеп оқушыларының үлкен мәселесіне айналып келе жатқанын айтады. Кейінгі 2 жылда оған баласы бастауыш сыныпта оқитын ата-аналар көп жүгінген. Себебі жасанды интеллектіге тәуелді оқушылар көбейген.

Сандра Степанова, нейропсихолог:

- Бұл — ақыл-ойдың құлдырауы. Ойланбаған баланың дамуы тежеледі. Яғни барлық заттың жауабын дайын өнім арқылы аласың, сәйкесінше, ойлау, есте сақтау қабілетің төмендейді.

ЖИ – қуатты құрал. Күн сайын оның ықпалы артып, барлық салаға біртіндеп еніп жатыр. Десе де, электронды жүйенің өзі қате жіберетін кездер де болады.

Аруна Рүстембекова, оқушы:

- Бізде қазақ әдебиетінен тоқсандық жиынтық бағалау кезінде мынадай жағдай болған. Мен Қыз Жібектің сөзін ChatGPT-ге салып, орысшаға аударып көрдім. Сол кезде ЖИ маған жай ғана «Жібек қыз» деп аударып берді.

Қазір Оқу-ағарту министрлігі мектептерде жасанды интеллектіні қолданудың этикасын әзірлеуге кірісті. Оны жүзеге асыру үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Microsoft және Google for Education компанияларымен меморандумға қол қойды.

Азамат Жұмахмет, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті:

- Этикалық кодексте, жасанды интеллектіні мектептерде пайдаланудың қаупі мен мүмкіндіктері қамтылады. Сондай-ақ балалардың оны дұрыс қолдануы қарастырылады. Қазір дамыған елдің бәрінде жасанды интеллекті енгізілген. Енді оны Қазақстанда да дамыту қажет.

Этикалық кодекс іс жүзінде пайдалы бола ма, жоқ па уақыт көрсетеді. Осы орайда Білім министрлігі ата-аналар мен ұстаздарға, оқушыларға жасанды интеллектіні байыппен қолдануға кеңес береді.

Авторлары: Мерей Қанапия, Сәния Жақытжамал