• 15-06-2025

Ақтөбеде биыл 27 көшеге асфальт төселеді

Ақтөбе қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. 2025 жылы қала аумағында 27 көшеге жаңа асфальт төселеді. Бұған қоса өткен жылдан бері қолға алынған 19 ірі жоба жалғасын таппақ. Қаланың көлік қозғалысын жеңілдету мақсатында көпір құрылысы мен күрежолдарды салу жұмыстары қолға алынған. Сарапшылардың айтуынша, бұл жобалар аяқталған соң Ақтөбеде көлік кептелісі айтарлықтай азаяды. Соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан жаңа аудандардағы көшелерге де асфальт төселіп жатыр .

Биыл Жаңақоныс-4 шағынауданында 5 көшеге асфальт салынады. Бұрын мұнда тек қиыршықтас төселген еді. Ұзындығы 4 шақырым асфальт әзірге қоғамдық көлік жүретін бағыттарда болады. Оның өзі тұрғындар үшін көптен күткен қуаныш. Жаңа шағынауданда жол салып, электр шамдарын жүргізуге бюджеттен 715 млн теңге қаржы бөлінген.

Ұлан Жақсыбаев, мердігер мекеме директорының орынбасары:

- Бұл объектінің кепілдігі 7 жыл. Жаңа құрылыс болғаннан кейін оны біз өзімізге алып жатырмыз. Қазіргі уақытта біздің салып жатқанымыз «бордюр-поребриктер тротуары». Бұл нысан былтыр басталды. Биыл, бұйырса, бітіреміз.

Былтыр жоспарланып, биыл тәмам болуы тиіс ауыспалы жобаның бірі – Ғазиза Жұбанова көшесі. Мұнда 4 жолақты жолмен қатар велосипед пен жаяу жүргінші жолы да салынып жатыр. Кешенді жоба құны 4 жарым млрд теңге.

Навои Әмірбеков, учаске жетекшісі:

- Үлкен көшені байланыстырып отыр. Бері қарай келе жатқан Ғазизаның жалғасы ғой. Сәңкібай батыр даңғылынан оңтүстік айналмаға дейін бұл Батыс ықшамауданының ішіндегі бірталай көшеге: мына Шоқай, Тәуелсіздік, Ораз Тәтеұлы көшелеріне көп жеңілдік береді.

Ал биыл 27 жаңа жоба жүзеге асырылады. Қаладағы 19 жолдың асфальт жабындысы жаңартылса, 8 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Арсен Мырзалин, қалалық ТКШ, автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісінің м.а.:

- Бұл жобаларды жүзеге асыруға 12 млрд теңгеден астам қаражат қажет. Қаржы бөлу мәселесі қалалық мәслихаттың алдағы сессиясында қаралады. Тиісті байқау жұмыстары аяқталып, мердігерлер анықталды. Олар маусым айында жұмысқа кіріседі.

Мердігерлердің жұмысын тапсырыс беруші мемлекеттік мекемелермен қатар «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мамандары да қадағалайды. Былтыр олар республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда 1400 сынама алып, 680-і талапқа сай болмай шықты.

Қайрат Мусин, Ақтөбе облысы бойынша «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» филиалының бөлім басшысы:

- Биыл қала көшелеріндегі құрылысты қадағалау жөнінде 38 келісімшартқа қол қойылды. Қазір сараптама жүргізіліп жатыр. Мамандарымыз күнделікті құрылыс басында. 50 сынама алынып, 20-сы талапқа сай емес екендігі анықталды. Мердігерлерге ескерту жасалып, кемшіліктер жойылады.

Биыл Елек өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы да аяқталуы тиіс. Қолданысқа берілген соң ескісі бұзылып, орнына тағы екі жолақты өткел салынады. Нәтижесінде Кірпішті ауданы тұсында қарбалас уақытта болатын көлік кептелісі азаяды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов