Тіл туралы заң: қоғамдық тамақтану орындарына қандай талап қойылады?
Кез келген бизнес Қазақстан Республикасының тіл туралы заң талаптарын сақтауға міндетті. Ереже бұзылса, кли ...
Тайвань жасанды зерде «мекеніне» айналмақ. Тайбейде өткен Computex көрмесіне әлемнің түкпір-түкпірінен 1400-ден аса компания қатысты. Бүгінде Тайвань компьютерлердің есептеу қуаты бойынша әлемдік рейтингте 11-ші орында тұр. Ал 2029 жылға қарай көшбасшылар қатарына қосылмақ. Ел билігінің жоспары іске аса ма?
Тайвань жасанды интеллектінің қарапайым қолданушысы ғана емес, оның «мекеніне» айналуға бел буды. Сондықтан көрмеге Nvidia, Foxconn және Qualcomm сияқты осы нарықтағы алпауыттардың басын қосты. Әрқайсысы көрмеге саладағы соңғы жетістіктерін ала келген.
Джеймс Хуанг, Тайвань сыртқы сауда кеңесінің төрағасы:
- Еліміз жартылай өткізгіштер, инновациялар мен есептеу саласында көп жетістікке жетті. Яғни Тайвань жасанды интеллект «мекеніне» айналуға даяр. Computex 2025 көрмесі – соның айқын дәлелі.
Сондай-ақ көрмеде дауыспен басқарылатын роботтар, соңғы үлгідегі процессорлар мен чиптер және ноутбуктер көрсетілді. Мәселен, мына құлтемір арқылы адам саусағының ұшын да қимылдатпай, қалаған затын таңдай алады.
Джо Чжэнь, BizLink компаниясының қызметкері:
- Аппарат Nvidia аудиожүйесі мен жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Яғни оны дауыс арқылы басқаруға болады. Бұл үшін бір тілді таңдайсыз. Сөйтіп, тәтті нанның ішінен өзіңізге ұнайтынын айтасыз. Мысалы, ол сізге құлпынай немесе сүт қосылғанын алып береді.
Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг елде қуаты 100 мегаватттық жасанды зерде суперкомпьютерін іске қосу жоспарын жария етті. Оны Foxconn және Тайвань үкіметімен бірлесіп жүзеге асырады. Сарапшылар: «Бұл Тайваньның дербес жасанды зерде жүйесін құрудағы алғашқы үлкен қадамы», – деп баға берді. Жоба құны жүздеген млн долларға бағаланып отыр.
Ян Лю, Foxconn компаниясының төрағасы:
- Тайваньда электр қуаты тапшы. Сондықтан жасанды интеллект штаб-пәтерінің қуатын 100 мегаватқа жеткізу кезең-кезеңімен жүзеге асады. Әуелі 20 мегаватт саламыз, келесі кезеңде 60-қа жеткізсек, кейін тағы 40 қосамыз.
Электр тапшылығына қарамастан, Тайвань билігі 2029 жылға қарай деректерді өңдеу орталығын салып, осы саладағы орнын нығайтқысы келеді. Өйткені компьютерлердің есептеу қуатын арттырса, елдің ғылыми-зерттеу әлеуеті дами түседі. Сондай-ақ түрлі салаларда серпіліс жасай алады. «Яғни Тайвань тек технология өндіруші ғана емес, жасанды интеллект сайысында бас ойыншы болуға ұмтылысын көрсетті», – дейді сарапшылар.
Авторы: Зайнұр Байжігіт