• 15-06-2025

Елімізде жағажай туризмі дамып келеді

Жыл сайын жаз маусымы басталғанда бәрімізді «Биыл қайда демаламыз?» деген сұрақ мазалайтыны рас. Жалпы, жазғы демалысты тиімді әрі қызықты өткізу ең алдымен адамның әлеуметтік-экономикалық мүмкіндігіне қарай жоспарланатынын да жоққа шығара алмаймыз.

Екінші жағынан алғанда, жаз маусымындағы демалыс кезеңі ішкі және сыртқы туризмнің дамуына да қолайлы кезең болып саналады. Яғни, өзін орташа статистикалық азамат санатына қосатын әрбір қазақстандық биылғы маусым мен қыркүйек айларының арасында демалысқа аттанатыны аян. Ал бүгінде демалуға ниет еткен адамның туристік таңдау мүмкіндігі шексіз деуге болады. Өз кезегінде біз орта таптың оң жамбасына келетін отандық туристік бағыттар туралы сөз қозғамақпыз. Оның ішінде жағажай туризмі турасында айтамыз.

Жағажай туризмі дегенде елдің есіне Алакөл түседі. Шынымен, еліміздің екі облысының аумағын алып жатқан Алакөл көлі өзінің емдік, шипалы суымен әлемге танымал. Зерттеу деректеріне қарағанда, Алакөл суының құрамы табиғи минералдарға бай көрінеді. Мұнда Менделеев кестесінде көрсетілген минералдардың барлық түрі бар екен. Бір қызығы, судың құрамынан тек иод қана табылмаған.

Ерте заманда өңір қазақтары бұл көлді Итішпес деп атапты. Бұл атау судың құрамында көптеген минералды қоспалардың мөлшері жоғары болуына қатысты айтылған сияқты. Ал жағырапиялық картаны жайып жіберіп қарасаңыз, Алакөлдің қазіргі жалпы ауданы 2650 шаршы шақырымды алып жатқанын байқайсыз. Көл аумағының ұзынды 104 шақырымға созылса, ені 52 шақырымға жетеді. Судың орташа тереңдігі 22 метр болса, ең терең жері 54 метрге дейін жетеді дейді деректер.

Жоғарыда Алакөлдің еліміздің екі өңіріне ортақ екенін айттық. Көлдің оңтүстік-батыс жағалауы Жетісу облысының жеріне кірсе, солтүстік-шығыс бөлігі Абай облысы аумағында жатыр.

Әрине, Алакөлдің қос жағалауы да жағажай туризімін дамытуға қолайлы. Дегенмен, жағырапиялық фактор мен экономикалық тиімділік тұрғысынан қарағанда қос жағалаудағы демалыс орындарының жағдайы мүлдем салыстыруға келмейді екен. Яғни, екі аймақтағы туризмді дамытуға жасалған қолайлы жағдай аумаққа келушілердің таңдауына да әсер ететіні сөзсіз. Ашық дереккөздердегі пікірлерге көз жүгіртсек, кейігі 4-5 жылдың көлемінде Алакөлдің оңтүстік-батыс жағалауына келушілердің қатары өскені байқалады. Мұны ресми статистика да растайды. Мысалы, 2023 жылы Алакөлдің Абай облысына қарайтын аумағына 200 мыңнан сәл асатын туристер келіп демалса, сәйкесінше Жетісу облысына қарайтын жағажайда дәл сол жылы 1,5 млн адам демалған екен. Яғни, ресми деректерге қарағанда Алакөлдегі жағажай труизмін дамыту бағытында Жетісу облысында істеген жұмыстардың нәтижесі көрініп отыр деген тұжырым жасауға болады. Әсіресе, бұл өңір инфрақұрылымды дамыту бағытында қабылданған шаралардың жемісін көріп отыр деген сөз. Жетісу облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, туризмді дамыту мақсатында туристік объектілерге апаратын жолдар мен инженерлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді екен. Оның ішінде Алакөл жағалауына көлікпен жетуге қолайлы жағдай жасалғаны айтылады. Бүгінде «Талдықорған – Үшарал» және «Үшарал – Достық» көлік жолдары толықтай жаңғыртылған, ал Үшаралдағы әуежайдың ұшу-қону жолағы қайта жөнделіпті. Биыл Алакөлге қатынайтын пойыздар саны он екіге дейін көбейтілді. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Өскемен, Семей және Қызылорда қалаларын жалғайтын пойыздарда Достық стансасына дейін жетекке алынатын вагондар жалғанады. Сондай-ақ «Астана – Достық» бағыты бойынша арнайы «Тальго» пойызы жүреді.

2025-2027 жылдары жоғары вольтты электр беру желілерін, кәріз тазарту құрылыстарын салу және жағалауды нығайту арқылы Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамыту жалғасады. Сонымен қатар электр энергиясының жетіспеушілігі мәселесі де шешілуде. Осы орайда Алакөл курорттық аймағындағы туризм нысандары санының 1,5 есеге жуық өскенін де атап өткен жөн. Шағын авиация мен су көлігінің қызметін реттеу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Алакөл мен Балқаш көлдерінде су көлігін тұраққа қою мен пайдаланудың, сондай-ақ ұшу аппараттарын қолданудың қағидаларын белгілейтін нормативтік акт әзірленді, — дейді Жетісу облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Ысқақов.

Жетісу облысындағы нақты іс-шаралардың нәтижесін Алакөл жағалауына демалуға келген туристердің санынан да байқауға болады. Салыстырмалы түрде алғанда, жағажай туризмін дамытуда жетісулықтардың аты озып тұрғаны шын. Сүйінерлігі, абайлықтар да жетісулықтардан қалыспауға бел буған сияқты. Яғни, Алакөл жағалауындағы инфрақұрылымды дамытуға қатысты Абай облысының әкімдігі де бірқатар шешім қабылдап отыр екен.

Осыдан екі ай бұрын Алакөлге арнайы келіп, қажеттіліктерді біліп, барлық мәселелермен танысқан болатынмын. Халық көп келетін туристік аймақта 2018 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген екен. Осыны ескере отырып, облыстық бюджеттен 658 миллион теңге қаржы бөлдік. Қазір абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Мақсатымыз – демалушыларға жайлы жағдай жасау. Суға түсу маусымы ашылғанға дейін барлық жұмысты сапалы аяқтауымыз керек, — дейді Абай облысының әкімі Берік Уәли.

Қазіргі кезде облыс бюджетінен бөлінген қаржыға туристік аймақта ауқымды жұмыс қолға алынған. Жалпы, көл жағалауында қоғамдық кеңістік құру жобасы жасалыпты. Әсіресе, жыл сайын демалушылар тарапынан жағалаудағы Арбаттың жағдайына байланысты сын көп айтылатын. Енді осы Арбат жаңартылып, боялып, сырлануда. Ал жағалаудағы ескірген темір жақтаулар толық ауыстырылмақшы. Мұнан бөлек, жағалаудағы 5 шақырымға жуық аумақтың жолына толықтай асфальт төселуде. Сондай-ақ, туристерге қолайлы жағдай туғызу үшін 10 модульді, 15 биодәретхана, қырықтан астам киім ауыстыратын кабиналар қойылып жатыр. Қоқыс жәшіктері мен бейнебақылау камераларының да саны артқан.

Осы жерде Алакөлдің Абай облысына қарайтын аумағына адамдардың аз келуі тек инфроқұрылымның жағдайына ғана қатысты еместігін айтуымыз керек. Атап айтқанда, демалыс орындары орналасқан Қабанбай ауылы үлкен жолдан шеткері, қиянда орналасқан. Көл жағалауына ең жақын орналасқан Үржар әуежайымен арадағы қашықтық 200 шақырымға жуық. Ал пойызбен келіп, кету Жалаңашкөл стансасы арқылы болады. Бұл бекетпен жағалаудың арасы да 100 шақырымнан астам. Демек, Алакөлдің шығыс жағалауына барып демалып қайту бірқатар тәуекелді қажет етеді. Атап өтерлігі, көлік қатынасы үшін жолдардың сапасы жақсарған. Мәселен, Талдықорған – Аякөз бағытындағы автокөлік жолы сайрап жатыр. Көл жағасына дейін жету үшін Таскескен, Үржар, Мақаншы ауылдарының үстін басып өтетін трасса тағы бар. Бұл бағыттағы жолдың сапасы жоғары болмағанымен, жыл сайын жөнделіп, көліктердің жылдам жүруіне қолайлы жағдай жасалуда. Жалпы, ғаламтордағы пікірлер легіне көз салсақ, туристер негізінен Үржар әуежайы арқылы ұшып баруды қолайлы көреді екен. Бұл бағыттағы әуе қатынасының құны біршама төмен. Ұшу билеттерінің құнының бір бөлігі бюджеттен субсидияланады. Яғни, жергілікті атқарушы билік дәл осы ұшақ қатынасының дамуына мән беріп отыр екен. Атап айтқанда, жақында Абай облысының әкімі әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы жағымды жаңалық жариялады.

Үржар ауданының орталығындағы әуежайға алғаш рет «SCAT» әуе компаниясының «CRJ-200» жолаушылар ұшағы қонды. Бұл аудан тұрғындары үшін тарихи сәт болғаны анық. Өйткені, халық осыған дейін «АН-24» ұшағымен қатынап келген болатын. Енді «Үржар-Алматы» және «Үржар-Астана» бағыттары бойынша әуе рейстері аптасына 7 рет, яғни күн сайын орындалады. Канадада шығарылған «CRJ-200» ұшағы 50 жолаушыға есептелген. Әуе кемесі жайлы әрі өңіраралық бағыттарға ыңғайлы. Әуе қатынасы мемлекет тарапынан субсидияланған. Сол себепті билет бағасы да қолжетімді. Яғни жергілікті тұрғындарға ғана емес, Алакөл туристік аймағына келетін қонақтар үшін де өте қолайлы. Қазір туристік маусымға дайындық қарқынды жүргізіліп жатыр. Алакөл жағалауын абаттандыруға облыстық бюджеттен 658 миллион теңге бөлдік. Бұл қаражатқа 2018 жылдан бері жөндеу көрмеген Арбат жаңартылып, жағалаудағы 5 шақырымға жуық жолға асфальт төселіп, қосымша дәретханалар, киім ауыстыратын кабиналар қойылады, қоқыс жәшіктері мен бейнебақылау камераларының саны артады. Бұдан бөлек, туристер көп келетін Арбаттың жүктемесін азайту үшін жаңа қоғамдық кеңістік салу жұмыстарын бастап кеттік. Қысқасы, биылғы шомылу маусымына жан-жақты дайындалып жатырмыз, — деп жазды аймақ басшысы Берік Уәли.