• 16-06-2025

"Шет қалған ауыл баласы": Елімізде білім беру жүйесі ауқатты топтарға ғана икемделіп барады

Қала мен ауыл арасындағы білім беру алшақтығын азайту маңызды. Себебі білімдегі теңсіздік салдарынан ауыл баласы үшін сапалы білім арманға айналып барады.

Қазақстанда білімге тең қолжетімділік мәселесі жыл сайын өзекті бола түсуде. Әсіресе ауыл мен қала арасындағы алшақтық тереңдеп барады. Соңғы жылдары жеке мектептердің саны ірі қалаларда артты. Алайда салдары сапалы білімге тек ауқатты отбасылардың ғана қол жеткізуіне әкеліп отыр. Ал ауылдық өңірлерде мектептер материалдық-техникалық база мен мұғалім тапшылығынан әлі де зардап шегіп келеді. Осындай жағдайда білім саласында әлеуметтік теңсіздік күшейіп, ауыл баласының болашағы шектеулі бола бастауда. Бұл тек білім беру жүйесінің емес, тұтас қоғамның даму бағытын айқындайтын маңызды мәселе болып отыр. Қазақстан мен көрші елдер аталмыш мәселені қалай шешіп жатыр? Жекеменшік мектептердің рөлі қандай? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.

Қазақстанда қала мен ауыл арасындағы білім беру теңсіздігі жылдан жылға ушығып барады. Әсіресе жекеменшік мектептердің ірі қалаларда шоғырлануы бұл алшақтықты одан әрі тереңдетіп отыр. Ауыл мектептері интернет, инфрақұрылым және білікті кадр жетіспеушілігіне тап болса, қалаларда орналасқан жекеменшік мектептер сапалы білім берудің символына айналды.

1990-жылдардың басында экономикалық дағдарыс кезінде Қазақстанда білімге бөлінетін мемлекеттік қаржы қысқарды. 1990 жылдары бұл шығын ЖІӨ-нің шамамен 4 пайызын құраса, 2000-жылдардың басына қарай 2,5 пайызға дейін төмендеді. Ауыл мектептері бұл қысымнан айтарлықтай зардап шекті. 2020 жылы жүргізілген PaperLab зерттеуі бойынша, Қазақстандағы ауыл мектептерінің 60 пайызы жылдам интернетке қол жеткізе алмайды. Бұл әсіресе пандемия кезінде ауыр соққы болды, өйткені оқу онлайн форматқа көшті. Сонымен қатар, ауыл мұғалімдері мен жекеменшік мектептегі педагогтердің жалақылары жер мен көктей.

Қазақстанда 2023 жылы тіркелген 312 жекеменшік мектептің 85 пайызы тек үш қалада – Астана, Алматы және Шымкентте орналасқан. Бұл мектептерде оқу ақысы қымбат, ресурстары мол, мұғалімдері білікті және оқу бағдарламасы кеңейтілген. Бұл факторлар білім сапасына да тікелей әсер етеді. PISA-ның 2018 жылғы деректеріне сәйкес, жекеменшік мектеп оқушылары математикадан орта есеппен 480 балл жинаса, ауыл мектептерінің оқушылары небәрі 420 баллмен шектелген. Назарбаев Университеті секілді беделді жоғары оқу орындарында жекеменшік мектеп түлектері студенттердің 40 пайызын құрайды, ал олардың жалпы мектеп оқушылары арасындағы үлесі бар болғаны 5 пайыз ғана.

Ауылдық жерде тұратын халықтың үлесі – 42 пайыз. Сонымен қатар, туу деңгейі де жоғары – орташа алғанда 3 бала. Бұл ауыл мектептеріне жүктемені арттырады. Алайда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына қарамастан, 2023 жылға қарай ауыл мектептерінің тек 65 пайызы ғана жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтылды. Бұл білімге тең қолжетімділікке қолбайлау болатын негізгі кедергілердің бірі.

Осындай теңсіздіктер көрші елдерде де байқалады. Қырғызстанда да жағдай ұқсас. 1990-жылдары білімге бөлінетін қаржы 30–40 пайызға азайып, ауыл мектептері ауыр жағдайда қалды. PaperLab зерттеуіне сәйкес, бұл елдегі ауыл мектептерінің де 60 пайызы интернетке толық қол жеткізе алмайды. 2010 жылы Бішкекте 15 жекеменшік мектеп болса, 2023 жылы олардың саны 47-ге жетті. Мұндай мектептер жоғары санатты мұғалімдердің 70 пайызына дейін өздеріне тартып отыр, өйткені олар жалақыны 2–3 есе жоғары төлейді. PISA деректеріне сай, Бішкектегі жекеменшік мектеп оқушылары 450 балл жинаса, ауылдықтар – небәрі 380 балл. Ауылда тұратын халықтың үлесі 65 пайыз болғанымен, «Алтын Казык» атты мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 2022 жылы тек 120 мектеп қана жаңартылған. Бұл – елдегі жалпы ауыл мектептерінің 10 пайызынан аз.

Тәжікстанда да білімге бөлінетін мемлекеттік қаржы 1990-жылдардан кейін төмендеді. Тек Дүниежүзілік банк секілді халықаралық ұйымдар көмектесіп отыр. Алайда 2021 жылы ауыл мектептерінің тек 15 пайызы ғана жаңа жабдық алды. Елде 2022 жылы тіркелген 22 жекеменшік мектептің бәрі дерлік Душанбе қаласында орналасқан. Ауылдық жерлерде компьютерлік техника тапшы: әр төртінші үйде ғана онлайн оқуға қажетті құрылғы бар. Мұғалімдердің жалақысы өте төмен – айына 50–100 доллар. Бұл кадр тапшылығына және сапаның төмендеуіне алып келуде.

Өзбекстанда 2017 жылғы реформалардан кейін жекеменшік мектептер саны артып, шамамен 200 мектеп ашылды. Дегенмен, олар негізінен Ташкент пен Самарқанда орналасқан. Қала мектептерінің 78 пайызы компьютерлік сыныптармен жабдықталған болса, ауыл мектептерінде бұл көрсеткіш 42 пайыз ғана. Білімге қол жеткізудегі бұл теңсіздік ауыл жастарының жоғары білім алуға деген мүмкіндігін шектейді. Мұғалімдердің жалақысы да төмен – 50–100 доллар шамасында, сондықтан олар жиі басқа салаға немесе шетелге жұмыс іздеп кетеді. Ауыл халқы елдегі жалпы халықтың 50 пайызын құрайды, ал туу деңгейі – 3,4 бала. Бұл демографиялық қысым ауыл мектептерінің жағдайын күрделендіреді.

Жалпы алғанда, Орталық Азияда білім беру жүйесі қалалық және ауқатты топтарға икемделіп барады. Жекеменшік мектептер сапалы білім беріп, жоғары нәтиже көрсеткенімен, олардың қолжетімділігі шектеулі. 2020 жылы аймақтағы ауыл балаларының 20 пайызы инфрақұрылымның нашарлығы мен кедейлікке байланысты білім ала алмады. Бұл ұзақ мерзімде табыс айырмашылығын ұлғайтады. Мысалы, Қазақстанда қала мен ауыл арасындағы табыс айырмасы 60 пайызды, Тәжікстанда – 75 пайызды құрады.

Мәселені шешу үшін бірқатар нақты қадамдар қажет:

• Ауыл мектептеріне бөлінетін қаржыны арттыру (ЮНЕСКО ұсынған межеге – ЖІӨ-нің 6 пайызына дейін жеткізу);

• Мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, жалақыны көбейту;

• Ауылда интернет пен компьютерлік инфрақұрылымды дамыту;

• Жекеменшік секторды ауыл мектептеріне инвестиция салуға ынталандыру, мысалы, салықтық жеңілдіктер беру арқылы.