Қызылордалық оқушылар донорға арналған смарт-қосымша жасады
Қызылордалық өнертапқыш оқушылар донорларға арналған смарт-қосымша жасады . Жобаның мақсаты- тұрақты донар ...
Орталық Азиядағы ең ірі Федченко мұздығының 40%-ға жуығы еріп кетті.
Ташкентте бас қосқан су саласының мамандары аталған мәселеге алаңдаушылық білдірді. Ғалымдардың зерттеуінше, мұздақтар 50 метрге дейін төмендеп, қайта қалпына келу мүмкін болмай қалған. Сонымен қатар Қырғызстан аумағындағы мұздықтардың да 30%-дан астамы еріген. Ал ірі өзендер Тәжікстан мен Қырғызстаннан бастау алатынын ескерсек, бірер жылда су мәселесі тіпті ушығуы мүмкін.
1991 жылы Орталық Азияда 6 млн гектарға жуық суармалы жер болса, 2024 жылы оның көлемі 10 млн гектардан асты. Ал халық саны сол кезеңде 45 миллионға жуықтаса, қазір 80 миллионнан асып жығылады. Демек, тұрғындарды сумен қамтамасыз ету мәселесі жылдан жылға күрделене түспек.
Тахир Маджитов, Өзбекстандағы "Cушы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
- Суды әділ бөлу, оны тиімді пайдалануды реттейтін халықаралық бірлестік немесе қауымдастық керек. Осы орайда біз Арал комитетін құруды ұсынамыз. Тиісінше оның жұмысы су шаруашылығы саласындағы басқару жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Бұл комитетті құру үшін бірнеше жыл керек. Аталған жобаға барлық Орталық Азия мемлекеттерінің мүдделі болғаны қажет.
Орталық Азия елдеріне қажетті суды жіберіп отыратын Қырғызстан мен Тәжікстан таулы жерде орналасқан. Сырдария мен Әмудария өзендерінің сағасындағы елдер жазда суды жинап, күз бен қыста оны гидроэлектростанциялар үшін қолданады.
Тахир Маджитов, Өзбекстандағы "сушы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
- Орталық Азиядағы ең үлкен «Федченко» мұздығының 40%-ға жуығы еріп кетті. Мәселен, «Федченко» 1990 жылдан 2005 жылға дейін 50 метрге төмендеді. Оның ұзындығы 77, ені 2,4, тереңдігі 1 шақырымға жетеді. Сонымен қатар Қырғызстан аумағындағы мұздықтардың да 30%-дан астамы еріп кетті. Бұрын олар суға айналса, оның орны толып отыратын. Қазіргі уақытта мұздықтар қайта қалпына келместен еріп жатыр.
Су дипломатиясына арналған жиында Арал мәселесі де сөз болды. Ғалымдар аймаққа кешенді жұмыс жүргізудің өзектілігін айтты. Қазақстан мен Өзбекстанның бұл бағытта бірлескен жобалары бар.
Лейли Сеитова, Қарақалпақстанның экология министрі:
- Арал теңізін қайта толтыра алмаймыз. Бұл дәлелді талап етпейтін шындық. Дегенмен, біздің міндет – қалған көлдерді сақтап қалу. Ол үшін аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсу маңызды. Су дипломатиясын дамыту арқылы мәселенің шешімін табуға болады.
БҰҰ-ның зерттеуіне сәйкес, Орталық Азиядағы су тапшылығы өңірдің экономикалық өсімін тежейді. Демек, тіршілік нәрін үнемдеудің тың технологиясын енгізу маңызды. Егер Орталық Азия елдері суды тиімді пайдаланса, қазірдің өзінде суармалы жерлердің көлемін 2-3 млн гектарға дейін ұлғайтып, 100 миллион халықты тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.
Дулат Нуркин