Медицина саласын цифрландыру қандай нәтиже беріп жатыр?
Медицина саласындағы қағазбастылықтан құтылып, жұмысты ширатуға цифрлық жүйелер көп септесті . Десе де, сала ...
6 маусым күні Еуропалық дәрі-дәрмектер агенттігі (EMA) Novo Nordisk компаниясының танымал Wegovy және Ozempic препараттарына қатысты маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Reuters мәліметінше, артық салмақты азайту және II типтегі қант диабетін емдеуге қолданылатын бұл дәрілер өте сирек жағдайда NAION деп аталатын ауыр көз ауруын тудыруы мүмкін. Бұл дерт адамды біртіндеп көру қабілетінен айыруы мүмкін.
EMA мәліметіне сәйкес, семаглутид атты белсенді затты (Wegovy, Ozempic және Rybelsus құрамында бар) кемінде бір жыл қабылдаған 10 000 адамның бірінде бұл асқыну дамуы ықтимал. NAION – көз жүйкесіне зақым келтіретін және соқырлыққа әкелуі мүмкін ауру. Ол глаукомадан кейінгі екінші жиі кездесетін себеп болып саналады.
Бұл мәселе EMA тарапынан 2024 жылдың желтоқсанынан бері зерттеліп келеді. Агенттік енді NAION ауруын өте сирек кездесетін жанама әсерлер тізіміне енгізуді талап етіп отыр.
Novo Nordisk компаниясы бұл ұсыныспен келісетінін және EMA-мен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді. Дегенмен, компания өз зерттеулеріне сүйене отырып, бұл аурудың дамуына дәрінің нақты қатысы дәлелденбегенін айтады.
Семаглутидтің зиянына қарағанда пайдасы көп, – делінген ресми мәлімдемеде.
Соған қарамастан, EMA ұсынған деректер алаңдаушылық тудырады. Мәселен, биыл наурызда жарияланған зерттеу бойынша, 350 мың диабетпен ауыратын пациенттің арасында Ozempic қабылдағандарда NAION-ның даму қаупі екі есеге жоғары болған.
Айта кетейік, соңғы уақытта Novo Nordisk компаниясы арықтататын дәрілер нарығындағы көшбасшылық орнын бәсекелестеріне беріп қоюы мүмкін деген қауіптер айтылып жүр. Бұл үрей мамыр айында компания басшысы Ларс Фрургор Йоргенсеннің қызметтен кетуімен күшейе түсті.
Қазіргі таңда жаһандық салмағын азайтуға арналған дәрілер нарығы 150 млрд доллар шамасында бағаланып отыр. Бұл сегментте Wegovy (Novo Nordisk) және Zepbound (Eli Lilly) дәрілері көш бастап келеді.