• 15-06-2025

Жетісу облысында жаңа су электр станциясы пайдалануға берілді

Бүгін Жетісу облысының құрылғанына үш жыл толуына орай өңірде жаңа су электр станциясы пайдалануға берілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қора өзенінде салынған бұл ГЭС – өңірдегі жаңартылған энергия көздерінің 18-ші нысаны болып отыр. Жаңа ГЭС-тің жылдық қуаты 26 МВт-ті құрайды.

Қора өзеніндегі ГЭС-3 нысанын пайдалануға беру – Қазақстанның энергетика саласын дамытудағы ауқымды стратегияның бір бөлігі. Жалпы гидроэнергетика елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарып, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға қол жеткізуге ықпал етеді. Сондықтан бұл нысан – сенімді энергия көзі ғана емес, сонымен қатар экологияны сақтауға деген маңызды қадам. Қора өзеніндегі ГЭС-3 жобасы инфрақұрылымды дамытуға және жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз. Су электр станциясының жұмысы жемісті болып, өңіріміздің дамуына үлес қосуына тілектеспін, — деді облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов.

Өз кезегінде жобаны жүзеге асырушы «Қора ГЭС-2» ЖШС-ның директоры М.Төкенов пен құрылтайшысы «АСПМК-519» ЖШС бас директоры А.Сычов энергетика саласын дамытуға әрдайым дайын екендіктерін жеткізді.

ГЭС бастығы Ілияс Хамитовтің айтуынша, жобаға 10,5 млрд. теңге жеке инвестиция тартылып, 21 тұрақты жұмыс орны құрылған.

Бұл станцияда мамандар тәулік бойы екі ауысыммен жұмыс істейді. Жұмыс негізінен автоматтандырылған. Мамандар тек қондырғылардың жұмысын бақылап отырады. Станцияда Австрияда жасалған гидроагрегат қондырғылары орнатылған. Қазіргі кезде австриялық мамандар екі жылдық сервистік қызмет аясында қондырғылардың дұрыс жұмыс жасауын қашықтан қадағалап отыр. Ары қарай өзіміздің мамандар жұмысты толықтай өздері жүргізеді. Жалпы бұл ГЭС электр энергиясына жыл сайын артып келе жатқан қажеттілікті қамтамасыз етуге, электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын арттыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға, сол сияқты жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әл-ауқатын көтеруге ықпал етеді, — дейді ГЭС бастығы.

Қазіргі кезде облыста Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Сарқан аудандары мен Текелі қаласында белгіленген қуаттылығы 225,4 МВт болатын жалпы саны 17 жаңартылған энергия көздері (ЖЭК) нысаны жұмыс істейді. Бүгінгі ашылған станция – өңірдегі 18-ші ГЭС. Жыл соңына дейін белгіленген қуаттылығы 20,6 МВт болатын, жалпы құны 10,4 млрд. теңгелік 2 су электр станциясының жобасын аяқтау жоспарлануда.