• 13-06-2025

"Астана – есірткісіз қала": елордада ерекше автофлешмоб өтті

Елордада ерекше флешмоб ұйымдастырылды, көліктердің көмегімен «Астана – есірткісіз қала» деген ұран құрастырылды. Бұл шара тұрғындардың назарын есірткі мәселесіне аудару мақсатында өткізілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Флешмобты Астана қаласы полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы еліміздің автомотоспорт федерациясымен бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шара халықаралық нашақорлықпен күрес күніне орай жарияланған айлық аясында өткізілді. Оның басты мақсаты – қоғамда есірткіге деген теріс көзқарас қалыптастыру, тұрғындардың, әсіресе жастардың ақпараттану деңгейін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Біз бұл іс-шара арқылы қоғамға мынадай ой тастағымыз келеді: есірткімен күрес – баршамыздың ортақ міндетіміз. Еркіндік дегеніміз – денсаулықты, спортты және саналы өмірді таңдау. Мұндай акциялар өмірді, қозғалысты және жауапкершілікті таңдайтын адамдардың басын қосады, — деді ұйымдастырушылар.

Іс-шараға танымал спортшылар мен қоғам белсенділері қатысты.

Біз есірткіге қарсымыз, салауатты өмір салтын қолдаймыз. Адамдар спортпен айналысып, өз денсаулығын күткенін қалаймыз, — деді әйгілі чемпион Илья Ильин.