• 13-06-2025

"Интимді мән-жайлар бар": Сәкен Мамаштың әйелі соттың ашық өтуіне қарсы

Астана қаласында экс-дипломат Сәкен Мамаш ісі бойынша сот процесі басталды .

Жәбірленуші, дипломаттың әйелі Карина Мамаш сот процесін жабық режимде өткізуді сұрады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Менің жеке өмірім егжей-тегжейлі жария болғанын қаламаймын. Екі баламыз бар, олардың психологиясына алаңдаймын, – деді жәбірленуші Карина Мамаш.

Айыпталушы Сәкен Мамаш БАҚ өкілдерінің сот процесіне қатысуына қарсы емес екенін, тек сот процесі аяқталғанша бұқаралық ақпарат құралдарында өзінің фотосын жарияламауды өтінді. Қылмыстық істегі мемлекеттік айыптаушы сот отырысын жабық форматта өткізуге еш негіз жоқ екенін айтты.

Артынша судья Артур Абдыханов өтінішхатқа қатысты шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кетіп, кеңесу бөлмесінен шыққан соң өтінішхатты ішінара қанағаттандырды. Соған сәйкес сот процесі сот тергеуі басталған кезде жабық өтеді. БАҚ өкілдері тек сот үкімі шығатын кезде сотқа қатыса алады.

Бүгінгі сот отырысында Сәкен Мамаштың қорғаушысы айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады. Алайда, тараптарды тыңдаған судья бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырды.

Айта кетейік, Сәкен Мамаш Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі болған. Әйелі Карина Мамаш күйеуінің ұрып-соғатынын айтқан мәлімдемесінен кейін Сәкен Мамаш Дубайдағы қызметінен елге қайтарылған болатын. Елші кеңесшісінің үстінен Қылмыстық кодекстің 110 бабы "азаптау" бойынша іс қозғалып, 2025 жылдың 4 сәуірінде қамауға алынды.