
ҚР Конституциясының 30 жылдығын атап өту қарсаңында мемлекет басшысының тапсырмасымен рақымшылық жасау туралы Заң жобасы Мәжілісің қарауына енгізілді.
Мәжілісте Конституцияның отыз жылдығына орай амнистия жариялау туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Бұл жобаны депутат Абзал Құспан әріптестеріне таныстырды. Ал оның әріптесі Жарқынбек Амантайұлы кімдер ілінбейтіні туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қазіргі уақытта еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің 63 мекемесінде және 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам отыр. Оның ішінде 33 мың адам сотталғандар, ал 7 мың адам тергеу изоляторында. Бұдан бөлек, пробация қызметінде 27 мыңнан астам адам есепте тұр.
Алдын ала есеп бойынша, амнистия 6 мың сотталған адамға және пробация қызметінде есепте тұрған 9 мың адамға қатысты болады. Яғни барлығы 15 мың адам амнистияға ілігеді. Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінен шамамен 632 адам, ал пробацияда есепте тұрған 3,5 мың сотталған бостандыққа шығады. Барлығы 4,1 мың адам босатылмақ.
Депутат Абзал Құспанның айтуынша, бас бостандығынан айыру жазасы өтелмеген мерзімді қысқарту 5,4 мың сотталғанға және пробация қызметінде есепте тұрған 5,5 мың адамға қолданылады. Жалпы алғанда, жазаның қысқаруы 11 мың адамға қатысты болады.
Амнистияға әлеуметтік осал топқа кіретін 629 адам да ілігеді. Олардың ішінен 57 адам босатылады, 572 адамның жазасы қысқарады. Сондай-ақ, амнистия жобасы 833 әйелгеде қатысты. Олардың 109-ы бостандыққа шығады, 724 әйелдің жазасы қысқарады.
“Бостандыққа шығатындардың аз болуының басты себебі, қазір жазасын өтеп жатқандардың 92 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар, оның ішінде 16 пайызы бұрын да қылмыс жасап, қайталап сотталғандар», — деді мәжілісмен.
Бұл ретте қоғамда туындап жатқан сұрақтарға Жарқынбек Амантайұлы жауап берді. Ол рақымшылыққа ілікпейтін сотталғандарды атап шықты.
«Ең бірінші, сыбайлас жемқорлық қылмыстары. Террористік және экстремистік қылмыстар, адамдарға қатысты азаптаулар, кез келген адам өліміне алып келген қылмыс түрлері. Өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар. Ұйымдасқан қылмыстық топ және халықаралық қылмыстық топ құрғандар. Қайталап қылмыс жасағандар, және жазасын өтеу кезінде қылмыс жасағандар азаматтарға қатысты рақымшылық заңы қарастырмайды», — деді ол.