• 13-06-2025

Тоқаев: Қазақ-словак ықпалдастығы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін

Президент бүгінгі келіссөзде халықаралық және аймақтық мәселелерге де назар аударылғанын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо БАҚ өкілдері алдында сөз сөйледі.

"Біз мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудың маңызды екеніне тоқталдық. Словакияда еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайына және құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудардық. Сондай-ақ білім саласындағы байланыстарды тереңдету жайын талқыладық. Жастарымыз екі елдің жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Олар біздің халықтарымызды одан әрі жақындастыра түседі деп ойлаймын. Біздің қарым-қатынасымыздың тарихы терең. Қазақ жауынгерлері Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Словакияны азат етуге белсене атсалысты. Осыған орай, Роберт Фицо мырза Отан қорғаушылар монументіне барып, батырлардың рухына тағзым етті. Осылайша, адамзат үшін қиын кезеңде бастау алған қазақ-словак достығы бүгінге дейін жалғасып, нығайып келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Оқи отырыңыз: Биыл 15 мың қылмыскер рақымшылықпен босатылады. Олардың ішінде Бишімбаев бар ма?


Президент бүгінгі келіссөзде халықаралық және аймақтық мәселелерге де назар аударылғанын жеткізді.

"Әлемдегі геосаяси ахуал, жаһандық текетірестер мен сауда соғысы бәрімізді алаңдатып отыр. Екі тарап та бұл түйткілдер бейбіт жолмен шешілуі керек деп санайды. Елдеріміздің халықаралық ұйымдар аясындағы байланысы нығайып келеді. Атап айтқанда, достығымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты құрылымдар аясында дамып жатыр. Көптеген жаһандық үрдістер мен сын-қатерлерге қатысты ұстанымдарымыз ұқсас. Біз көпжақты дипломатиялық байланыстарды тереңдетуге ерекше мән береміз. Бүгінгі келіссөз қарым-қатынасымыздың өзара тиімді сипатын тағы да нақтылай түсті. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-словак ықпалдастығы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін", – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Словакия Премьер-министрі сапар барысында екіжақты қатынастардың барлық саласы талқыланғанын айтып, келіссөздер қорытындысын жоғары бағалады.

"Біз алға қарай үлкен қадам бастық. Бүгінгі уағдаластықтар қол қойылған тиісті келісімшарттар мен өзара тиімді ынтымақтастықта айқын көрініс табады деп ойлаймын", – деді Роберт Фицо.