• 13-06-2025

Суға батып, өлді деп есептелген адам тіріліп кетті

Таиланд полицейлері мен медицина қызметкерлері суға батып, өлді деп есептелген ер адамның тіріліп, көмек сұрағанына куә болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл туралы Bangkok Post басылымы жазды.

Оқиға Таиландтың Нонтхабури провинциясында болған. Жергілікті балықшылар көпір астындағы каналдан ер адамның денесін байқап, шұғыл түрде тиісті органдарға хабар берген. Олар табылған адамда тіршілік белгісі болмағанын айтады.

Оқиға орнына келген медициналық топ ер адамның бетінде қан іздерін көріп, оның өлгенін растауға дайындалған.

Алайда, денені мәйітханаға алып кету үшін әзірлеп жатқан сәтте, ер адам кенеттен тіріліп, қатты дауыспен «Көмектесіңдер!» деп айқайлаған. Құтқарушылар оны судан шұғыл шығарып, алғашқы көмек көрсетті.

70 жастағы ер адам оқиға туралы:

Үйге қайтып бара жатқанда өзімді жайсыз сезініп, есімнен танып, суға құлап кеттім, — дейді.

Оған медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізді. Қазір ол қосымша тексеруден өтіп жатыр.

Бұған дейін Павлодарда жағажайға түскен ер адам суға батып кете жаздағаны туралы жазған едік.