• 14-03-2025

Қазақстанда киножобаларды іріктеу конкурсы басталды

«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» 2025 жылғы ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды іріктеу конкурсын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның хабарлауынша, киножобаларды мемлекеттік қолдау конкурсының жаңа кезеңі басталды. Бұл конкурс киножобаларды ашық әрі әділ іріктеуді қамтамасыз ету мақсатында жаңа ережелер бойынша жүзеге асырылады.

Киножобаларды іріктеу екі кезеңде жүзеге асады:

  • Конкурстың бірінші кезеңінде әуелі сценарий мен сценарий жоспарлары қабылданып, Сараптама кеңесінің қарауына жіберіледі.
  • Екінші кезеңде құжаттар пакеті қаралып, анықталған қателерді түзетуге 3 күн уақыт беріледі. Ашық қорғау және питчинг онлайн трансляция арқылы өтеді.

Айта кетейік, конкурстық іріктеудің бірінші кезеңіне қатысу үшін үміткерлер Орталыққа сценарийлерді қарауға өтінімді, PDF форматында сценарийлерді, авторлық шарт пен жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмесі, өтініш беруші мен сценарий немесе сценарий жоспарының авторы арасындағы алдын ала шартты жіберуі қажет. Өтініш беруші фильмнің әр түрі, ойын фильмі, анимациялық фильм, деректі-хроникалы фильмдер бойынша тек 2 сценарий ұсына алады. Құжаттар 5 наурыз бен 13 наурызға дейін (12 наурыз сағат 23:59) қабылданады.

«Біздің мақсатымыз – ашық әрі әділ конкурс өткізу. Алдағы уақытта іріктеуге қатысты ақпараттар министрліктің және орталықтың ресми сайтында және әлеуметтік желі аккаунттарында тұрақты жарияланатын болады. Конкурстық іріктеуге қатысты сауалдарыңыз болса, Кино орталығы жанынан кеңес беру қызметі ашылғанын хабарлаймыз! Бұған дейін осы жылғы киножобалар конкурсына арналған басым тақырыптар тізімі жарияланған болатын. Киногерлер тұшымды дүние дайындап, көрерменге сапалы дүние ұсынуға күш салады деп сенеміз», деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Конкурстық іріктеуге қатысу құқығына ие болу үшін үміткерлердің салық берешегінің болмауы, банкроттық рәсімге тартылмауы маңызды.