• 14-06-2025

Атырауда қарақұрт шаққан үш адам жансақтау бөлімінде жатыр

Атырау облысында қарақұрт қаптады. Соңғы екі айда тоғыз адамды зиянкес шағып, олардың үшеуі жансақтау бөліміне түскен, деп хабарлайды Zakon.kz.

KTK телеарнасының жазуынша, былтыр да улы зиянкестен 17 адам зардап шеккен. Тіпті қарақұрт төрт түлікті де баудай түсіруде. Мәселен, биыл 160-қа жуық малды құрт шағып, алтауы арам қатыпты. Улы зиянкес ауыл-аймақтан бөлек, қалада да көбейген. Ал оны улауға бюджеттен бір тиын да бөлінбейді. Өйткені мемлекеттік реестрге енгізілмеген.

Дәрігерлердің айтуынша,улы зиянкес көбіне таңда — ылғалды жерде шағады. Қарақұрт шаққан науқастың жүрек соғысы жиілеп, бел омыртқасы ауыра бастайды. Осындай белгілер байқалса, бірден дәрігерге қаралу керек дейді мамандар.

"Мамыр айынан бастап облыстық ауруханаға алты адам түсті. Аудандардан екі-үш адам бар. Үшеуі жансақтау бөлімінде, қалғаны токсикологияда. Емдеп жатыр, жағдайы орташа, жақсарып келе жатыр". Бауыржан Рахметов, дәрігер-токсиколог

Біз бұған дейін де Атырау облысында қарақұрт қаптағаны жайлы жазған болатынбыз.