
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Президент жиналған қауымды Медицина қызметкері күнімен құттықтап, осы мерекеге орай дәрігерлермен Ақордада алғаш рет кездесіп отырғанын әрі бұл жиынның мән-мағынасы ерекше екенін атап өтті.
Халқымыз "Бірінші байлық — денсаулық" деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, ұлт саулығы — еліміз үшін аса маңызды құндылық. Әлемнің "екінші ұстазы" — Әл-Фараби медицинаны өнер деп бағалаған. Расында, дәрігер болу — жүректің ісі. Бұл — екінің бірі аяқ баса бермейтін жүгі ауыр, күрделі жұмыс. Медицина қызметкерлері — ұлт саулығының сақшылары, ең қадірлі мамандық иелері. Әсіресе, жаһандық індет, яғни, ковид кезінде бүкіл ел дәрігерлердің адал қызметіне куә болды. Күрделі кезеңде медицина мамандары мыңдаған адамды құтқарып қалды. Біз абзал жандардың табанды еңбегін бағалаймыз. Олардың қайсарлығын мақтан тұтамыз. "Бір адамның өмірін құтқару барша адамзатты құтқарумен бірдей". Дәрігерлер ота кезінде, аурухана палатасында күн сайын ерлік жасайды десек, артық болмайды. Жедел жәрдем көлігінде адам өміріне араша түсетін сәттер болады. Сондықтан сіздер, құрметті медицина қызметкерлері, бейбіт күннің батырлары деген атқа лайықсыздар. Мен барша медицина мамандарына зор ризашылығымды білдіремін", — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ дәрігерлері қай кезде болсын, ел мүддесін бәрінен биік қоя білгенін, ұлт қайраткерлері Халел Досмұхамедов пен Санжар Асфендияровтың белгілі дәрігер болғанын, олар халқымыздың азаттығы үшін де, саулығы үшін де аянбай күрескенін атап өтті.
Мемлекет басшысы елімізде медициналық туризм қарқынды түрде дамып келе жатқанын жеткізді. Жыл сайын 45 мемлекеттен шамамен 10 мың адам Қазақстанға емделу үшін арнайы келеді. Бұл еліміздегі дәрігерлік көмектің сапасы жоғары екенін көрсетеді.
Бүгінде көптеген ауруханаларымыз халықаралық аккредиттеуден өткен. Нейрохирургия мен Кардиохирургия ұлттық орталықтары әлемдік клиникалар деңгейінде жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетеді. Қазақстандық дәрігерлер жүрекке жыл сайын мыңдаған ашық операция жасайды. Емделушілердің қатарында тіпті, жаңа туған нәрестелер де бар. Елімізде органдарды трансплантациялау ісі жоспарлы түрде дамып келеді. Жуырда жүрек ауыстыруға арналған жүзінші ота сәтті өтті. Биыл алғаш рет бір мезетте үш адамға үш донордың бүйрегін тоғыспалы трансплантация тәсілімен салды. Өздеріне сәйкес келетін органдарды алу үшін пациенттер бір-біріне донор болды. Мұндай күрделі операциялар дүние жүзінде алты елде ғана жасалады. Онкологиялық ауруларды емдеуге сәуле терапиясының озық әдістері қолданылып жатыр. Былтырдан бері елімізде мүлде жаңа бағыт — фетальді медицина дами бастады. Яғни, бұл — ана құрсағындағы шаранаға операция жасау деген сөз. Мұндай бірегей медициналық көмек көптеген баланың дүниеге дені сау болып келуіне мүмкіндік сыйлайды. Сирек кездесетін сырқаты бар адамдарды емдеу мен денсаулығын жақсартуға ерекше мән берілуде. Мемлекеттің алдында мұндай науқастарды шетелдік қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету секілді күрделі міндет тұр. Осы орайда менің ұсынысым бойынша құрылған "Қазақстан халқына" қоры үлкен қолдау көрсетіп отыр", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытуға айрықша назар аударатынын айтты.
Ірі халықаралық инвесторларды тарта отырып, стратегиялық сипат алған бұл саланы дамытуға күш салу маңызды. Алдағы уақытта медицина ғылымының әлеуетін толықтай игеру керек. Ол үшін қазірдің өзінде берік негіз бар. Ғалымдарымыз онкология, трансплантология, неонатология, генетика, биомедицина салаларында тың жаңалықтар ашты. Қан ауруларын емдеуге отандық препараттар қолданылып жатыр. Жасанды интеллект сырқаттарды анықтау мен емдеудің көкжиегін кеңейтеді. Аталған перспективті салада айтарлықтай серпіліс жасау қажет. Ядролық медицинаның мүмкіндігін де барынша пайдаланған жөн. Денсаулық сақтау жүйесін дамыту, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Өйткені медицинаның деңгейі мен қолжетімділігі — елдегі өмір сапасының негізгі көрсеткіші", — деді Президент.
Президент дәрігерлердің еңбегі қашанда лайықты бағалануы керек екенін айтып, медицина майталмандарын мемлекеттік наградамен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын жеткізді.
Жиында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің кафедра меңгерушісі Құралбай Құрақбаев, еңбек ардагері Жексенбай Нысанов, "Ұлттық биотехнология орталығы" ЖШС филиалының зертхана меңгерушісі Екатерина Остапчук сөз сөйледі.