Атырауда жыл басынан бері 250 адам банкрот деп танылды
Жыл басынан бері Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне соттан тыс банкроттық рәсімге байланысты 1343 ...
Жеке тұлғалардың банкроттығы институты жаңарады .
Енді ол банкрот болған адамның тек банктік несиесін емес, кез келген басқа қарыздарын тегіс есептен шығаруға міндеттейді.
Ел Парламенті осы өзгерістерді қарастыратын заңды қабылдады. Сенаторлар 29 мамырдағы отырысы барысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды бірден екі оқылымда шұғыл түрде қарап, мақұлдай салды.
Содан соң осы сәрсенбіде Мәжіліс депутаттары жоғары палатадағы әріптестері қосқан бірен-саран түзетулерге келісіп, қабылданған заңды Мемлекет басшысының қол қоюына жіберді.
Президент қолтаңбасын қалдырып, алғашқы ресми жарияланғаннан кейін, жаңа заң күнтізбелік 60 күн өткен соң, биыл қолданысқа енгізіледі.
Депутаттардың түсіндіруінше, бұл заң басқа бағыттардағы жаңашылдықтары сыртында, азаматтардың банкроттық рәсімдерін жетілдіруге бағытталған.
Жалпы, осы заңда өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қорғайтын нормалар да айрықша мәнге ие.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге және халықтың әлеуметтік осал топтарына қарыздарын өтеуді кейінге қалдыруды ұсынуға тиіс.
Сондай-ақ, қарыздарын мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбы жойылады.
Ал, азаматтардың бір бөлігінің берешегі толығымен кешірілуі мүмкін. Әңгіме 2023 жылы елде енгізілген жеке тұлғаның банкроттығы институтын жетілдіруге қатысты.
Бір қызығы, АҚШ-тың қазіргі Президенті Дональд Трамп 6 рет өзін банкрот деп жариялаған көрінеді. Мәжіліс депутат Ұласбек Сәдібековтің мәліметінше, Қазақстанда өзін құжат жүзінде банкрот "еткісі" келетіндер өте көп.
"Қаптатып алған кредитіне қызмет көрсете алмаған қазақстандықтардың өзін банкрот деп тану туралы өтініш беруі жиілеп кетті. Қаржы министрлігінің дерегінше, 2023-2024 жылдары соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға 118 мыңнан аса азаматтан өтініш түскен. Соның ішінде 90 мыңнан көп азаматтың өтінішін қанағаттандырудан бас тартылған. Депутаттар бастамашы болған кредит беру кезіндегі тәуекелдерді азайту туралы алдыңғы заңның арқасында банкрот деп мойындалған азаматтар саны 2 есе өсті! 2023 жылы банкрот деп танылғандардың саны небары 7 мың болған еді. Енді жаңа заң қабылданып отыр. Ол жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімін одан ары оңайлатады", – деді мәжілісмен.
Қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың дерегінше, жаңа заң бұрынғы "банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш берілгенге дейін борышкер мен кредитор арасындағы берешекті міндетті түрде реттеуді" талап ететін нормаларды алып тастау арқылы банкроттық тетігін жеңілдетеді.
Өйткені банктер берешекті реттегісі, оның бір бөлігін кешіргісі келмейді немесе сөзбұйдаға салады да, банкроттық рәсімі ұзақ уақытқа созылып кетеді.
"Қазіргі уақытта азаматтардың банкроттығы туралы ескі заңда осындай тәсіл, талап көзделген. Біздің ойымызша, оған қатысты жаңа түзетулер өте дұрыс. Банкроттық туралы заңда осындай тәсіл болғандықтан азаматтар банкрот мәртебесін ала алмай жатыр. Сондықтан оны алып тастауды біз толық қолдадық", – деді Әбілқасымова.
Өз кезегінде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті де "жеке тұлғалардың банкроттығы" институтының аралық қорытындысын шығарып, енгелі тұрған жаңашылдықтарды түсіндірді.
"2023 жылғы 3 наурыздан бері "ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заңы қолданылып келеді. Ол азаматтарға өтей алмаған борыштық міндеттемелерін реттеудің 3 түрлі рәсімін ұсынады, бұлар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру", – деп мәлім етті ведомство.
Рәсімдерді қолдану қорытындысының статистикасы келесідей. Банкрот деп танылды:
Банкрот болғандар төлей алмай келген қарыздарының жалпы сомасы – 147,1 миллиард теңге болды.
Үшінші тәсіл, яғни, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін 103 азамат қолданды. Олардың өтей алмаған қарызы 9,5 миллиард теңгеге жеткен. Олардың 8-і бойынша төл "қалпына келтіру жоспарлары" бекітілді. Яғни, алдыңғыдан айырмашылығы, бұлардың берешегі кешірілмейді, тек барынша жеңілдеу жолмен өтеулері шарт.
Мемкірістер комитетінің хабарлауынша, жалпы, 2023 жылғы наурызда заң енгізілгеннен бастап халықтың бұл институт туралы хабардарлығы өскен. 2024 жылы 83 057 өтініш, 2025 жылдың 5 айында – 77 106, яғни, кейінгі екі жылда 160 мыңнан астам өтініш түсіпті.
Ведомство былтырғы жылы банкрот болу тәсілдері біршама жеңілдетілгенін еске салды. Соны қарастыратын жаңа заң 2024 жылдың 20 тамызынан бастап күшіге енді. Негізгі өзгерістер мынадай:
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін бұдан былай төлем мерзімі өтіп кетпеген және мүлкі жоқ, бірақ тұрақты табысы бар адамдар да пайдалана алады.
Соттан тыс банкроттық енді микроқаржы және коллекторлық ұйымдарды қоса алғанда, қарыз шарттары бойынша талап ету құқығы бар барлық ұйымдар алдындағы міндеттемелер бойынша қолданылады. Тиісінше, банкрот болған адамдарды МҚҰ-лар да, коллекторлар да қудалай алмайды.
Өтініш беру тәртібі жеңілдетілді: кредитор туралы егжей-тегжейлі деректерді, қарыз сомасы туралы мәліметтерді көрсету, сондай-ақ құжаттарды қоса беру талабы жойылды. Өйткені банкрот болған адамдардың тізімі ашық жарияланатыны белгілі, жаңа түзетулерге сәйкес, олар туралы деректер көрсетілмеуі мүмкін.
Төлем енгізу тоқтатылған мерзімді есептеу тәртібі нақтыланды: 1 АЕК-тен (биыл 3 932 теңгеден) аз төлемдер өтеу болып есептелмейді, ал, мерзім соңғы төлем күнінен бастап есептеледі.
Мемкірістер комитетінің мәліметінше, Парламент қабылдаған биылғы жаңа заңнамалық түзетулер келесідей өзгерістер әкеледі деп күтілуде:
2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған қарыз шарттары бойынша борышты реттеу туралы талап алып тасталады (биылдан бастап алынған қарыздар үшін ол талап сақталады). Бұл өзгеріс кредиторын таба алмаған көптеген азаматты борышын реттей алмай, дағдарудан құтқарады.
Борышкер еш себебін көрсетпей соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтатуға, одан өз еркімен бас тартуға құқылы болады. Қазіргі кезде ондай құқығы жоқ, МКК мамандарының сендіруінше, тәжірибе банкрот болғысы келген адамдарға кейін еш себепсіз райынан қайту мүмкіндігін беру қажеттігін көрсетіпті.
Соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін кредиттік бюролардың деректер базасында көрсетілмегендерді қоса алғанда, банкрот адамның қаржы ұйымдары алдындағы барлық міндеттемелері тоқтатылады.
"Сүттен ақ, судан таза" болады. Тіпті кредиттік бюрода әлдебір жағдаймен көрініс таппаған, соның ішінде жұмыс берушісінен, компаниядан, басқасынан алған қарыздары тегіс есептен шығарылуы керек. Осы арқылы азаматтың "кредиттік тарихы" бұрынғыдай өмір бойға бүлінбейді.
Болашақ банкроттар үшін тағы бір жеңілдік: мемкірістер органының ақпаратынша, 2025 жылғы 10 маусымнан бастап соттан тыс банкроттық рәсіміне өтінішті банктің мобильді қосымшасы арқылы да беруге болады. Әзірге бұл рәсім тек бір банкте (bcc.kz) ғана қолжетімді. Бірақ алда басқа банктер де қосылуы мүмкін.
Бұған дейін рәсім тек ХҚКО-ға жеке жүгіну немесе eGov.kz порталы арқылы ғана қолжетімді болатын. Сервисті банктік қосымша арқылы пайдалану тегін. Өтініш беру үшін комиссия өндіріп алынбайтыны мәлімделді.
Бір рет өзін банкрот деп жариялаған адам Трамп сияқты Қазақстанда да қайта-қайта банкрот бола ала ма? Бұл сұраққа Мемлекеттік кірістер комитетінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасы басшысының орынбасары Балғын Қандылда жауап берді.
"Ия, жеке тұлға кейін банкроттық рәсімінен қайта өте алады. Тек уақыт аралығын сақтауы қажет. Азамат бірінші рет банкрот деп танылғаннан кейін 7 жыл өткеннен кейін ғана қайтара банкроттық рәсіміне жүгіне алады. Мәселен, егер қазақстандық 2025 жылы банкрот деп танылса, келесі жолы ол шамамен 2032 жылы өзін банкрот деп жариялай алады. Алайда осы жетіжылдық аралықта оның жаңа қарыз алуына шектеу қойылған: 5 жыл бойы азамат не кредит, не заем ала алмайды", – деді Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасы басшысының орынбасары.
Ендеше 5 жылдан соң қаптатып кредит пен борыш алып, екі жылдан кейін қайтадан банкрот атанып, қарыз берушілерді ол қаржыларын есептен шығаруға заң жүзінде міндеттей алады. Демек, әлдекімге қарызға ақша бермес бұрын алдымен оның банкрот болған-болмағанын тексерген жөн.
Оның үстіне банкроттық институтына қатысты заңнамаға жылда өзгеріс енгізіліп, жыл сайын жеңілдіктер жасалуда. Мұндай қарқынмен, "5 жыл қарыз ала алмайды" деген тыйымның да жойылып кетуі ғажап емес.