Қазақстан құрамалары 10–16 маусым аралығында Лондонда өтіп жатқан рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазақстан шахмат федерациясының мәліметінше, біздің шахматшылар турнирде төрт жеке медаль иеленді: екі күміс және екі қола.
Жекелей есепте күміс медальді Меруерт Камалиденова (әйелдер тақтасы) мен Ислам Әйтен (әуесқойлар тақтасы) жеңіп алды. Қола медальді гроссмейстер Ринат Жұмабаев пен небәрі 10 жастағы Сүлеймен Нұракин еншіледі. Жасына қарамастан, тамаша ойын көрсеткен Сүлеймен мүмкін болған 12 ұпайдан 8,5 ұпай жинады.
Қазақстан намысын үш команда қорғады – KazChess, Barys.kz және Rookies. Barys.kz командасының көшбасшысы Қазыбек Нөгербек бірінші тақтада 12 партиядан 8 ұпай жинап, бірқатар мықты гроссмейстерлерге қарсы сенімді ойын көрсетті. Команданың тағы бір ойыншысы Денис Махнев шешуші партиялардың бірінде Hexamind Chess Team командасының жұлдызы, рейтингтік көрсеткіші 2708 болатын Леньер Домингес Пересті жеңіп кетті.
Жас әрі болашағынан үміт күттіретін шахматшылардан құралған Rookies командасы да лайық деңгейде өнер көрсетті. 18 жасқа дейінгі рапид және блиц бойынша 2025 жылғы әлем чемпионы Ерғали Сүлеймен Венгрия құрамасының сапында ойнаған Чаба Балогты (рейтинг 2609) жеңіп шықты.
Турнир форматы – 15+10, яғни әр ойынға 15 минут және әр жүріске қосымша 10 секунд беріледі. Ойындар алты тақтада өтеді, міндетті түрде бір әйел ойыншы мен рейтингі 2000-нан төмен бір әуесқой қатысуы керек. Биылғы жарысқа 52 команда қатысып жатыр. Рапид бойынша жеңімпаз – Үндістанның Team MGD1 командасы. Екінші орынды халықаралық Hexamind Chess Team, үшінші орынды бұрынғы әлем чемпионы Вишванатан Ананд ойнаған Freedom командасы иеленді.
14 маусымнан бастап қатысушылар блиц турниріне көшті. KazChess пен Barys.kz D тобында, ал Rookies C тобында ойнауын жалғастырады. Олардың қарсыластары арасында Өзбекстан, Германия құрамалары мен рапид жеңімпаздары бар.