• 13-03-2025

Жезқазғандық полицейлер көлік тізгіндеген қыз-келіншектерге гүл сыйлады

Жезқазғандық полицейлер Халықаралық әйелдер күніне орай ерекше науқан ұйымдастырды. Олар көлік тізгіндеген қыз-келіншектерді құттықтап, сый жасады.

Алғашында «Қандай тәртіп бұздым екен?» деп алаңдаған арулар көктемнің символы – қызғалдақты көргенде еріксіз жымиды. Тосын сыйға таңғалған олар тәртіп сақшыларына алғысын жаудырды.

Олеся Гудовщикова, қала тұрғыны:

- Мен үшін күтпеген жағдай болды. Басында қорқып кеткенім рас. Себебі біздің шағын қалада мұндай акциялар жиі бола бермейді.

Анна Сухова, қала тұрғыны:

- Жолда жүру ережесін бұзбаған едім. Сондықтан алғашында қорқып кеттім. Ерекше құттықтау үшін рақмет!

Жезқазғанда шамамен 80 мың автокөлік тіркелген. Соның әрбір үшіншісін әйелдер басқаратын көрінеді. Халық арасында «көлік апатына көбіне әйелдер кінәлі» деген пікір қалыптасқан. «Бұл қате түсінік, олар көлікті ер азаматтардан кем басқармайды», — дейді инспекторлар.

Біләл Тақауов, патрульдік полиция ротасының командирі:

- Жол ережесі мен жүргізу мәдениеті туралы айтатын болсақ, қазіргі таңда сондай өрескел әкімшілік құқықбұзушылық әйел азаматшалар арасында аз кездеседі. Ол кісілер ер азаматтарға қарағанда ұқыпты әрі байсалды жүргізуге тырысады.

Полицейлердің сөзін ресми статистика да растап отыр. Жыл басынан бері Жезқазғанда 700-ге жуық жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Айыппұл арқалағандардың қатарында нәзік жандылар жоқ.

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов