2025 жылдың қаңтар-мамыр аралығында Қазақстан тұтынушыларына 800 миллион теңгеден астам қайтарылды. Сауда және интеграция министрлігі Zakon.kz сайтына осындай қызықты статистика берді.
Белгілі болғандай, бұл Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне түскен өтініштер мен шағымдардан кейін орын алған.
Осы аралықта тұтынушылардың шағымдары бойынша жалпы сомасы 881,3 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Шағымдар көбінесе:
- сапасыз тауарлар (автокөліктер, косметика, ұялы телефондар),
- орындалмаған қызметтер (шипажай жолдамалары, қоғамдық тамақтану, фитнес, туризм),
- рәсімделмеген немесе уақтылы берілмеген жылжымайтын мүлікке қатысты болды.
Азаматтарға нақты көмек көрсетілген мысалдар:
Алматы қаласында тұтынушы 215 млн теңгеге сатып алған, бірақ үшінші тұлғаға сатылып кеткен жылжымайтын мүлік объектісіне қатысты дау департаменттің араласуымен оң шешімін тапты.
Қарағанды облысында 45 күннен аса уақыт берілмеген пәтер бойынша шарт талаптарының орындалуы қамтамасыз етіліп, тұтынушы 33,5 млн теңге тұратын жылжымайтын мүлікке қол жеткізді.
Семей қаласында қоғамдық тамақтану орнында тұтынушының тапсырысы орындалмай, мекеме тұтынушылар бұрышын орналастыру міндетін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ақтөбе облысында тұтынушының туроператорларға қатысты шағымы бойынша сотқа дейінгі және сот процесінде департамент мамандары қолдау көрсетіп, нәтижесінде 6,6 млн теңге өтемақы өндіріліп берілді.
Павлодар мен Жетісу облыстарында ондаған тұтынушының құқықтары топтық негізде қорғалды: косметика жиынтығы үшін рәсімделген 10,8 млн теңге несие мен жеткізілмеген смартфондар үшін 7,2 млн теңге қайтарылды.
Түркістан облысында Дубай қаласына орындалмаған тур үшін 1,2 млн теңге қайтарылып, Шымкентте санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін жерде көрсетілген фитнес қызметтері үшін тұтынушыларға өтемақы берілді.
Азаматтар тіпті 700 теңге тұратын сапасыз ойыншыққа қатысты да өтемақы талап етіп, өз құқықтарын қорғады.