• 17-06-2025

Мәңгілік қазына

Ұлттық музейде қазақтың тұңғыш ғалымы, ағар­тушы-этнограф Шоқан Уәли­ха­новтың 190 жылдығына ар­налған «Шоқан Уәлиханов – қазақтың ұлы ғалымы» атты мерейтойлық көрменің салтанатты ашылуы өтті. Аталған іс-шара тұлғаның өмірі мен ғылыми мұра­сын кеңі­нен насихаттап, Орталық Азия мен Қазақстан тарихы мен мә­дениетін зерттеуге қосқан үлесін келешек ұрпаққа танытуды көздейді.

Көрменің ашылу салтанатында Ұлттық му­зейдің директоры Берік Әбдіғалиұлы ғалымның мұрасы – қазақ елінің рухани тұғырын биіктететін мәңгілік қазына екенін атап өтті.

«Шоқан – әлі де толық зерттелмеген, болашақ ұр­паққа танылуға тиіс мол мұраның иесі. Оның өмір жолы мен еңбектері – қа­зақ ғылымының бастауы», деді Берік Әбдіғалиұлы.

Сондай-ақ жиында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның арнайы құттықтау хаты оқылды. Хат­та Шоқан Уәлихановтың қазақ ғылымы мен ағар­ту саласына қосқан үлесі, оның мұрасын зама­науи зерделеу мен наси­хат­­тау­дың өзектілігі атап өтілді.

Көрме аясында ұйым­дас­тырылған дөңгелек үстел­де зиялы қауым өкіл­­дері мен ғалымдар Шо­қан мұ­расына қатысты тұ­­шымды ой-пікірін айтты.

«Шоқан бес жасынан әкесінің жанында жүріп, білімге ерекше құштарлық танытқан. Оқымаған пәні жоқ деуге болады. Этно­графия, шығыстану, түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті, география, заң, әдебиет сияқты салаларды еркін меңгерген. Орыс және Еуропа ғылымын Шығыс өркениетімен ұш­тастыра білген. Қаш­қарияға жасаған сапары ғылыми тұрғыдан да, сая­си маңызымен де ерек­шеленді. Бұл сапар – Ресей мен Қытай ара­сын­дағы қатынасқа ықпал еткен тарихи оқиға», деді филология ғылымдарының докторы Серік Негимов.

Көрменің экспозиция­лық құрылымы бірнеше бөлімнен тұрады. Ұлы тұл­ғаның балалық ша­ғы, Омбы кадет кор­пусын­дағы оқу кезеңі, ал­ғашқы зерттеулері, Қаш­ғар жо­рығы мен ғы­лыми саяхаттары, тарихи, құқықтық және этно­графиялық мұ­ралары, сондай-ақ Шоқан бей­несінің өнер мен әде­биеттегі көріністеріне ар­налған. Экспозицияда ға­лымның қолжазбалары, жеке күнделіктері, хаттары, ғылыми еңбектері, сондай-ақ өзіне тиесілі заттар – қару-жарағы, белдігі, сандығы, отбасылық жә­дігерлер көрсетілген. Со­нымен бірге Қашқар сапарына қатысты карталар мен фотодеректер, си­рек архив құжаттары ұсы­нылған.

Айта кетейік, көрме Ш.Уәлиханов атындағы Алтынемел мемориалдық музейі және Сырымбет ­та­рихи-этнографиялық ­му­­зейінің бірлесуімен ­ұй­ым­­дастырылып отыр. Атал­ған көрме 12 шілдеге де­йін жалғасады.

Жібек БОЛЫСБЕК,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті