Еліміз кейінгі жылдары бизнесті жан-жақты қолдауға бағытталған саясат жүргізіп келеді. Мемлекет бірқатар бастаманы жүзеге асырып, ресми есепте инвестицияның өсуі мен іскерлік ахуалдың жақсаруы туралы мәлімдеді. Дегенмен кәсіпкерлік қауымдастық әлі де жүйелі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл – әкімшілік кедергілер, кейбір реттеуші рәсімдердің айқын еместігі және әрдайым тең бола бермейтін бәсекелестік жағдайы. Әсіресе бұл мәселе энергетика сияқты стратегиялық маңызды секторларда өзекті.
Көмірмен жұмыс істейтін жылу электр стансалары бүгінде күрделі жағдайда тұр. Қаржыландыруға қолжеткізудің шектеулі болуы – негізгі кедергінің бірі. Халықаралық қаржы институттары көмір генерациясымен байланысты жобаларды қолдаудан бас тартып, жаһандық декарбонизация күн тәртібін ұстанып жатыр. Мұндайда мемлекет бұл активтерді қолдау функциясын өз мойнына алуы тиіс, өйткені оларсыз жылыту маусымын өткізу мен электр энергиясының өсіп келе жатқан тапшылығын жабу мүмкін емес. Алайда қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларда басымдық газ генерациясы мен жаңартылатын энергия көздеріне берілген. Көмір стансалары жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерінен тыс қалып отыр. Нәтижесінде, кәсіпорындар техникалық мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеуге мәжбүр. Жаңғырту мен заманауи экологиялық бақылау жүйелерін енгізуге мүмкіндігі жоқ. Бұл апаттардың көбеюі мен энергиямен жабдықтаудың тұрақсыздығына алып
келеді.
Келесі маңызды және жүйелі мәселе – тарифтік реттеудің айқын болмауы. Аталған мәселені ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірнеше рет көтерді. Негізгі проблемалар – генерация нысандары үшін тарифтерді белгілеу тетігінің айқын болмауы, электр энергиясын беру секторындағы шығындардың теңгерімсіз бөлінуі және соның салдарынан бөлшек нарықта шынайы бәсекелестіктің болмауы. Энергетикалық компаниялар шығынының әр бабын реттеушімен келісуге мәжбүр. Алайда барлық шығын негізделген деп танылмайды және тарифке енгізілмейді. Мысалы, санитарлық және өртке қарсы қызметтердің талаптарын орындау, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдарының нұсқамаларын орындау орасан зор шығындарға әкеледі – кейде ондаған немесе жүздеген миллион теңгеге дейін жетеді. Бірақ бұл шығындар тарифті түзету кезінде ескерілмейді.
Отандық бизнес-қауымдастық бірнеше ірі жел электр стансасын салу жобасы бойынша жасалған Үкіметаралық келісімдерге қатысты да сұрақ қойып отыр. Бұл жобалар инвестициялық саясаттың маңызды бөлігіне айналғанымен, бастапқыда аукциондық механизмдер арқылы жүзеге асырылған жобалардан бірқатар ерекшелігі болды: тарифтің шетел валютасында бекітілуі (аукциондық жобада тариф теңгемен белгіленеді), электр энергиясын сатып алудың 25 жылдық кепілдігі (аукционда – 20 жыл), ұлттық заңда көзделген кейбір рәсімнен босату, оның қатарында жобалау-сметалық құжаттың мемлекеттік сараптамасынан міндетті түрде өту талабы. Мәселен, БАӘ-нің «Masdar» компаниясының жобасы дәл осы схема бойынша жүзеге асырылды, бұл құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін тудырды.
«Атамекен» бұл жобалар бойынша теріс қорытынды берді. Негізгі сын – жергілікті өндірісті дамытуға қойылатын міндетті талаптардың болмауы. Атап айтқанда, трансформатор, кабельдік өнім, металл құрылымы мен басқа да компоненттер отандық кәсіпорыннан сатып алынуы тиіс деген талап қойылмаған. Жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыруда отандық өнімдерге басымдық беру мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр. Бірақ елде жаңартылатын энергетикаға арналған жабдықтарды жергілікті деңгейде өндіру бастамалары қолға алынып жатыр.
Бизнес қауымдастық құр уәдені емес, нақты және жүйелі қадамды күтеді. Дәл қазір көмір генерациясын қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау, тарифтік саясаттың ашықтығы мен болжамдығын қамтамасыз ету, отандық өндірушіге әкімшілік кедергіні жою, мемлекеттік сатып алуға қатысушының адалдығын бақылау жүйесін енгізу мен инвестициялық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды.
Гүлнара БИЖАНОВА,
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары