• 17-06-2025

"Саяси қуғын-сүргін кезінде өзгертуге мәжбүр болған": Астана тұрғыны сот арқылы ұлтын ауыстырып алды

Елорда тұрғыны көші-қон қызметіне ұлтын "беларусь" ұлтынан "неміс" ұлтына өзгерту туралы өтінішпен жүгінген. Алайда құзырлы органнан бас тарту туралы жауап келген. Кейін тұрғын сотқа жүгініп, жеңіп шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс материалы бойынша, өтініш берген тұрғынның атасының туу туралы куәлігінде "ұлты" деген бағанда арғы атасы мен әжесі де "неміс" деп көрсетілген. Бұл, оның пікірінше, жақын туыстары неміс ұлтынан болғанын растайды. Ал көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексінің 65-бабына сілтеме жасай отырып, әйелге жазбаша бас тарту туралы жауап берген. Кодекске сәйкес, адамның туған кездегі ұлты ата-анасының ұлтына қарай белгіленеді және тек анасының немесе әкесінің ұлтына өзгертілуі мүмкін.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік істер жөніндегі соты көші-қон қызметінің бас тартуын заңсыз деп танып, ведомствоның әрекеті Конституцияның және "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексінің нормаларына қайшы келетінін атап өткен.

"Конституциялық Сот ұлттық және халықаралық заңнама нормаларын, сот практикасын және шетелдік тәжірибені зерделей келе, ұлтын анықтау тұлғаның өзін-өзі сәйкестендіруімен байланысты және тек шығу тегіне ғана емес, басқа да мән-жайларға негізделетінін атап өтті. Ұлт адамның ішкі еркіндігін көрсете алады және құқықтық мәнге ие болады.

"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексінің 65-бабының қолданыстағы редакциясында мұндай өмірлік жағдайлар ескерілмейді, бұл Конституцияның әркімге өзінің ұлтын дербес анықтау құқығын беретін 19-бабының 1-тармағына қайшы келеді.

Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, ата-анасының ұлтын ғана емес, сонымен бірге басқа жақын туыстарының, баланы тәрбиелеп отырған адамдардың, сондай-ақ басқа да объективті және сенімді дәлелдемелерді ескеруге жол беріледі.

Талап қоюшының жақын туыстары немістер болған, саяси қуғын-сүргінге ұшырап, ұлтын өзгертуге мәжбүр болған. Талап қоюшы неміс қоғамдастығының қызметіне белсенді қатысады, неміс мәдениетін сақтауға және дамытуға үлес қосады.

Оның ата-бабаларымен берік байланысын, өзінің этникалық ерекшелігін сақтауға ұмтылысын және істің мән-жайын ескере отырып, сот арызды қанағаттандырудан бас тарту оның конституциялық құқықтарын бұзады деп тапты", — делінген сот хабарламасында.

Сот ІІМ Көші-қон қызметі комитетіне талап қоюшының ұлтын "беларусьтан" "неміс" ұлтына ауыстыру жөнінде мемлекеттік қызметті көрсету бойынша әкімшілік рәсімді аяқтауды міндеттеді.