• 17-06-2025

Темірден түйін түйген шебер

«Тенсегрити» технологиясы туралы не білесіз?

Инженерия мен сәулет, өнер мен ғарыш саласында кейінгі жылдары кеңінен қолданысқа енген инновациялық технология күнделікті тұрмыста кездеседі. Заманауи дизайнның қыр-сырын Ақтөбе облысының тұрғыны Марат Үмбетов меңгеріп алған. Темірден түйін түйген шебердің туындылары постмодерндік, кинетикалық қолөнер көрмелеріне лайық- дейді баға бергендер. Қырық жыл тыным таппай еңбек еткен жан апатқа ұшырап мүгедек арбасына таңылғанына қарамастан кәсібін тастамады.

Марат Үмбетов, Мәртөк ауданының тұрғыны:

- Бұл тартылу және сығылу жүйесі деп аталады. Төрт бұрышындағы шынжыр тартып тұрса, ортадағы шынжыр орындықты ұстап тұр. Егер тепе-теңдікті сақтай отыра бұрандасын босатса теңселіп тұрады. Орындық қалықтап тұрғандай әсер қалдырады. Левитация стилі деген осы.

Орындық теңселіп тұрғанымен беріктігіне шүбә жоқ. Физиканың тепе-теңдік заңына бағынады. Механика мен кинетиканы бала күнінен игерген Марат Үмбетовке тенсегрити технологиясын үйрену қиынға соқпаған. Орындақтар мен үстелдер, қанша теңселсе де тұғырынан түспейтін маятник ойыншықтар жасаған.

Марат Үмбетов өмір бойы дәнекерлеуші болған. Үш жыл бұрын көлік апатына ұшырап, мүгедек арбасына таңылды. Алайда білікті маман кәсібінен қол үзген жоқ. Ауыл тұрғындары түрлі бұйымдарды жөндетуге жиі бас сұғады. Қара темірге жан бітіретін хас шебер бос уақытында үйінің айналасын безендіруге де кіріскен.

Марат Үмбетов, Мәртөк ауданының тұрғыны:

- Есіктің алдына дәу айдаһар жасағым келеді. Қазір қажетті темір-терсекті жиып жүрмін. Ауқымды мүсін болуы тиіс. Сондықтан біраз уақыт кетеді.

Дәнекерлеу ісінің қыр сырын Марат Үмбетов ұлы Санатқа үйретті. Жоғары оқу орнында туризм менеджері мамандығы бойынша білім алған ол әке жолын қуып жұмысшы мамандық иесі атанды.

Санат Үмбетов, Мәртөк ауданының тұрғыны:

- Бала күнімде қасында ойнап жүріп, темір балқытқанды қызық көріп тамашалайтынмын. Ес білгелі қасындамын ғой. Бірінші электр дәнекерлеушіні үйретті. Кейін автогенді көрсетті. Бастысы қолымды қаққан жоқ. Өз бетіммен үйреніп, тәжірибе жинағанымды қолдады. Әрдайым ақыл-кеңесін айтады. Нәтижесінде қазір үлкен зауытта еңбек етіп жүрмін.

Қолөнер шебері жасаған бұйымдарға қызығушылар аз емес. Алайда өнерпаз ерекше жиһаздары мен естелік-сый болатын ойыншықтарды сатқысы жоқ.

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев