2025 жылғы 17 маусымда "Орталық Азия – Қытай" екінші саммитінің кулуарында Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр қазақстандықтардың деректерінің жаппай таралуына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Скляр қазақстандықтардың деректерінің тарағаны жайлы кеше кешкісін білгенін айтты. Алайда ол әлі өзінің жеке деректерін тексермегенін жеткізді – себебі қалай тексеру керегін білмейді. Сонымен қатар, Скляр мұндай деректердің таралуы немесе алаяқтардың қоңырауларына тап болмағанын атап өтті, өйткені бейтаныс нөмірлерге мүлде жауап бермейді екен.
"Бүгін Цифрлық даму министрлігі бұл мәселе бойынша жан-жақты тексеріс жүріп жатқанын хабарлап, ресми баспасөз релизін таратты. Нәтижесінде қандай деректер таралғаны, ескі ме, жаңа ма, қаншалықты маңызды екені анықталады", — деді Роман Скляр.
Журналистер кейбір қазақстандықтар eGov арқылы өз деректерінің тарағанын тексеріп, дереккөздер қатарында "Спортмастер" дүкені көрсетілгенін атап өтті.
"Егер сіз айтқандай, дерек "Спортмастер" дүкенінен тараса, бұл аса қорқынышты емес шығар. Бірақ егер азаматтардың құпия мәліметтері тарап, ол алаяқтыққа себеп болса – бұл мүлде басқа жағдай. Ондайда қатаң шаралар қолданылады. Бұған дейін де деректер тараған жағдайлар болған. Адамның аты-жөні арқылы WhatsApp-та қалай тіркелгенін көруге болатын арнайы бағдарламалар бар. Алаяқтар осындай жолмен адамдардың байланыс нөмірлерін тауып, толық ақпаратқа қол жеткізеді. Сондықтан тергеу нәтижесін күтейік", — деді Скляр.
Еске салайық, 2025 жылғы 16 маусым күні желіде 16 миллионнан астам қазақстандықтың жеке деректері таралғаны туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ресми мәлімдеме жасады.