Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Астанаға келді, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қытай көшбасшысын Астана әуежайынан президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.
Трапта Құрмет қарауылының ротасы сап түзеді. Мәртебелі мейманға Қазақстан мен Қытай туларын ұстаған жеткіншектер қошемет көрсетті.
Си Цзиньпин мінген бортты ел шекарасынан елордаға дейін Қазақстан Республикасы Әуе қорғаныс күштерінің ұшақтары алып жүрді.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин келетінін хабарланған еді.
Сапар барысында жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері талқыланады.
17 маусымда Астанада аймақтағы мемлекеттер басшыларының қатысуымен екінші "Орталық Азия – Қытай" саммиті өтеді.