• 18-06-2025

Талдықорғанда құтқарушылар суда аяғына арматура кіріп кеткен балаға көмектесті

2025 жылы 18 маусымда Талдықорғанда жедел байланыс желісіне өзенде ересектердің қарауынсыз және жабдықталмаған жерде шомылу кезінде баланың аяғына арматура кіріп кеткені туралы хабарлама келіп түскен, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқыс оқиға Көктал ықшам ауданында Балақты өзенінде болған.

"Оқиға орнына ТЖМ Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, сондай-ақ ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының медицина бригадасы шықты. Арнайы гидравликалық құралдың көмегімен құтқарушылар зардап шегушінің аяғын босатты. Бала дәрігерлерге тапсырылды", делінген хабарламада.

ТЖМ балаларға мыналар тыйым салынатынын ескертеді:

  • жабдықталмаған жерлерде шомылу;
  • ересектердің қарауынсыз су қоймаларына бару;
  • құрылыс және авариялық-қауіпті учаскелердің жанында ойнау.