• 19-06-2025

Жас ғалымның жаңалығы

Елімізде ғылым әлеуетін әлдендіру – дәуіріміздің басты бәйгесі. Ғылымы өркендеген мемлекеттің бүгіні мен болашақ тағдыры жарқын болатынын әркім-ақ түйсінеді. Мұндағы негізгі қадам – нақты әрекет. Ал әрекет тұлғаның өзінен басталады. Осы қағиданы өмір салтына айналдырған жас ғалымдар тобының жемісті нәтижелері әр тараптан сүйіншілей естіліп жатады. Солардың бірі еліміз үшін стратегиялық маңызды сала металлургиядағы ғылымды серік еткен – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, «Металлургия және тау-кен ісі кафедрасының» аға оқытушысы Асылбек Әбдірашит. Ол металлургия саласына инновациялық технологияларды енгізу, нақты өндірістік және экологиялық мәселелерді шешу арқылы импортқа тәуелділікті азайту үшін тер төгіп жүр.

Кейіпкеріміздің ғылымға ынтасы 2012 жылы Қ.Жұбанов атындағы АӨУ «Ме­тал­лур­гия» мамандығына оқуға түскеннен ауған. «Жер қойнауындағы кеннің құнды металға айналу барысындағы көпқырлы үдерісі ерекше қызықтырды. Сол себепті мамандығымды тереңірек түсінуге ұмтылып, бакалавриат дең­гейінде тоқ­тамай, магистратурада, содан кейін док­торантурада оқуым­ды жалғастырдым. 2018 жылы Қара­ғанды мемлекеттік индустриялық универ­ситетінде «Ме­таллургия» мамандығы бойынша техника ғылымдарының магистрі, биыл PhD ғылыми академиялық атағына ие болдым. Ғылым жолын 2016 жылы Қарағанды қаласындағы Ж.Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының «Пирометаллургиялық үдерістер» зерт­ханасының инженері қызметінен бастадым. Жұмыс барысында металлургия саласындағы жаңа технологияларды әзірлеуге, сондай-ақ химия-металлургия институтының ғылыми-техникалық жос­парларына сәйкес еліміздің өнер­кәсіптік кәсіпорындарымен шаруа­шылық келісім-шарттық жұмыстарды орындауға, іргелі және қолданбалы ма­ңыздағы зерттеулерге белсенді қатысып жүрмін», дейді Асылбек.

Қазір ол Қ.Жұбанов атындағы АӨУ қабырғасында марганец шығынын азайту және үдерістің ресурс тиімділігін арттыру мақсатында отандық марганец шикізатынан орташа көміртекті ферромарганецті балқыту технологиясын зерттеумен айналысып жүр.

«Зерттеудің негізгі бағыты – то­тықсыздандырғыш ретінде қайта өң­делетін силикомарганец пен алюминий сынықтарын пайдалана отырып, оңтайлы шикіқұрам әзірлеуге бағдарланған. Алдымен марганец кенін балқытуға жарамдылығын баға­лау үшін физика-химиялық зерт­теулер жүр­гізілді. Әрі қарай термо­динамикалық модельдеу арқылы (HSC Chemistry және FactSage бағдар­ламаларында) мар­ганецтің жоғары шығымын және қож фазасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін шикіқұрамның оңтайлы құрамы таңдалды. Келесі кезеңде қуаты 100 кВА электр доғалы пеште зертханалық және ірі зертханалық балқытулар орындалды, олардың нәтижесі бойынша балқытудың технологиялық рег­ламенті әзірленді. Сондай-ақ ұсы­нылған технологияның тиімділігін растайтын ферроқорытпа кәсіпорнында өнеркәсіптік сынақтар жүргізілді. Нәтижесінде, марганец шы­ғымы 69%-ға дейін артатын, фосфор азай­тып, қождың үгілгіштігін болдырмайтын орташа көміртекті ферромарганецті алудың ресурс үнем­­деуші тәсілі әзірленді. Алынған қорытпаның тәжірибелік партиясы құю өндірісі жағдайында 110Г13Л маркілі болатты легірлеу үшін сәтті қолданылды», дейді ол.

Жас ғалым былтыр докторлық диссертация жұмысын қорғау кезінде отан­дық марганец кендерінен орта көмір­текті ферромарганецті бал­қытудың ­ресурс үнемдеуші технологиясын әзір­леп, өндіріске енгізген. Оның бұл ғылыми жаңалығы отандық болат және шойын өңдеу цехтарын ферромарганец сұрыптарын көрші елдерден экспорттау тәуелділігінен арылтуға оң үлес болып отыр.

«Елімізде марганец кендерінің қоры абсолютті түрде отандық металлур­гиялық кәсіпорындарды қамтамасыз етуге жеткілікті, алайда олардың сапа­сының қанағаттанарлық деңгейде болмауы кендерді пайдалануға кедергі келтіріп отыр. Кен құрамындағы фосфор мен кремнеземге қойылатын талаптармен қатар, темірдің мөлшеріне де шектеу бар. Еліміздегі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жоғары сапалы шикізатпен қамтамасыз ете алатын марганец кенін өңдеудің әмбебап интеграцияланған технологиясы жоқ. Қазіргі уақытта елімізде тек ферросиликомарганец өндіріледі, ал төмен және орта ферромарганец өндірісі мүлде жоқ. Бұл ең алдымен жоғары сапалы бастапқы шикіқұрам материал­дарының жоқтығынан, сондай-ақ жаңа өндіріс жағдайларына бейімделген теориялық және қолданбалы зерт­теу­лердің жоқты­ғымен байланысты. Осылайша, орта көміртекті фер­ро­марганецті балқыту үшін сапалы ферросиликомарганец, марганец кендерінің жетіспеушілігі, түзіле­тін үйінді қождардың (ферромарганец қожы) аймақ экологиясына зиянын азайту және сапалы орта көмір­текті ферромарганец өндіру үшін инновациялық технологияларды қолда­ну мүмкіншілігін қарастырдық. Нақты өндіріс жағдайында әзірленіп жатқан технологияны табыс­ты іске асыру тау-кен металлургия ке­шенінде отандық марганец кендерін жарату және олардан әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім (орта көміртекті фер­ромарганец) алу есебінен импортты алмас­тыру деңгейін арттырады. Сондай-ақ ел аума­ғында шығарылатын болат пен шойыннан жасалынатын бұйымдардың сұрып­талымын кеңейтеді», деді жас ғалым.

Бұған дейін Асылбек Әбдірашит 50-ден астам ғылыми материал жазған. Оның 30-дан астамы «Scopus» және «Web of Science» базаларына кіретін импакт-факторы бар халықаралық жур­­налдарда жарияланған. Ал ол әзірле­ген технологиялар мен ғылыми тәсіл­дер нақты өндіріс пен оқу үдерісіне енгі­­зілген. 2019–2020 жылдары Ақтөбе өңір­лік университетінің «Үздік жас ға­лымы» атанған ол республикалық оқу-әдіс­темелік кеңес мақұлдаған үш оқу-әдіс­темелік құрал жазды. Оның ай­туынша, отандық ғылым тұрақты дамып келеді.

«Әсіресе техникалық және қолдан­балы пәндер саласында тұрақты өсім бар. Жарияланым қызметі жандандырылып, зерттеу нәтижелері өндіріске енгізіліп жатқанын айтпай кетуге болмас. Ғылым мен өнеркәсіп арасындағы байланыс­ты нығайту, сондай-ақ ака­демиялық ұтқырлықты дамытуға да айрықша ден қою маңызды. Осы ретте мем­лекетіміздің жас ғалымдарды қолдауға баса назар аударып отырғаны қуан­тады. Бұл қатарда конкурстар, гранттар, ғылыми тағылымдамаларды атап өтуге болады. Сондай-ақ нәтижелерді прак­­тикалық салаға енгізуге және халық­­­аралық ынтымақтастық жөніндегі бағдар­ламаларды кеңейтуге көп күш жұм­салса, құба-құп екенін қаперге салғым келеді», деді А.Әбдірашит.