• 19-06-2025

Путин Каспий теңізінің тартылуын өте ауқымды мәселе деп атады

Бұл бағытта кешенді зерттеулер жүргізу қажет.

Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында халықаралық ақпараттық агенттіктердің басшыларымен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты AZERTAC агенттігіне сілтеме жасап.

AZERTAC агенттігінің өкілі Каспий теңізінің тартылу мәселесіне қатысты сұрақ қойды.

Ресей Президентінің сөзінше, Ресей мен Әзербайжан үкіметтері бұл мәселені шешу үшін бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр.

"Бұл мәселені Әзербайжан Президенті Ильхам Гейдарұлы көтерді, мен бірден ден қойдым. Бұл өте ауқымды мәселе, тіпті жаһандық сипатқа ие деуге де келеді. Біз Арал теңізіне қатысты және басқа да мысалдарды білеміз. Мұндай жағдайда келісілген қадамдарды дер кезінде қабылдау қажет. Үкіметке тиісті тапсырмалар берілді. Ресей мен Әзербайжан үкіметтері бірлесіп жұмыс істеп жатқанынан хабардармын. Мұнда ең бастысы асығыстыққа салынбай, табанды әрі жүйелі түрде әрекет ету керек", – деді Путин журналистердің сауалына берген жауабында.

Ресей басшысы Каспийдің тартылу себептерін зерттеу қажет деген пікірде.