• 19-06-2025

Әнші Абай Бегейдің қызы ұсталды

Қаржы мониторингі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Тергеу деректеріне сәйкес, Ақтау қаласының тұрғылықты ерлі-зайыпты азаматтары Instagram, TikTok және Telegram әлеуметтік желілерінде 850 мыңнан астам жазылушысы бола тұра, лотерея операторы ретінде тіркелмегеніне қарамастан, ірі көлемдегі онлайн-лотереялар ұйымдастырған.

Олар пәтер, автокөлік және өзге де бағалы жүлделерді ұтысқа қойған. Қатысушылар 500 теңгеден 50 000 теңгеге дейінгі аралықта билеттер (цифрлық нөмірлер) сатып алған. Жалпы 1 800-ден астам азамат аталмыш лотереяларға қатысқаны анықталған.

Алынған дәлелдерге сәйкес, заңсыз қызмет нәтижесінде келген қылмыстық табыс көлемі 162 миллион теңгеден асқан. Қазіргі уақытта күдіктілердің мүлкі мен банктік шоттарына тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.