• 19-06-2025

Ақтауда лицей түлектері сәнді киімнен бас тартып, қайырымдылық қорына ақша аударды

Ақтауда мамандандырылған IT лицейдің түлектері сәнді киімнен бас тартып, қайырымдылық қорына ақша аударды, деп хабарлайды otpannews.kz.

Басылымның жазуынша, Ақтауда мамандандырылған IT лицейде 2025 жылғы түлектерге салтанатты түрде аттестат табыстау рәсімі өткен.

Биыл білім ордасын 97 оқушы тәмамдаған, олардың қатарында "Алтын белгі" иегерлері мен үздік аттестат алған түлектер бар.

Салтанатты жиында лицей директоры Моншақ Ғайыпбаева мен өңірдегі білім беру ұйымдары мен серіктес мекемелердің өкілдері сөз сөйлеп, түлектерді құттықтаған.

"Шарада ерекше есте қалғаны, түлектердің әдемі киімнен бас тартып, сол қаражатты қайырымдылық қорына аударды", — деп жазады басылым.

Түлектер аутизмге шалдыққан балаларды қолдайтын орталыққа 500 мың теңгенің сертификатын табыстаған.

Түлектер қайырымдылық эстафетасын облыстағы басқа мектептердің түлектеріне жолдаған.