• 20-06-2025

Вильнюстен табылған құнды құжаттар

Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен ды­быс жазбалары архивінің қызмет­керлері Литва Респуб­ ликасын ­да жүргізген ғылыми зерттеу жұмыстары кезінде еліміздің тарихы мен мәдениетіне қа­тысты деректер анықтады.

Анықталған құжаттар қа­тарында 1975 жылы Виль­нюс қаласында өткен Қазақ киносының күндері аясында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы делегациясының Литваға сапары, Қазақ КСР-нің ха­лық әртісі Нұрмұхан Жантөрин мен Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, режиссёр Сұлтан Қожықовтың литвалықтармен кездесулері туралы деректі материалдар бар.

Сондай-ақ бұрынғы Көкшетау облысындағы тың игеру жұмыстарына литвалық мамандардың қатысқаны туралы да құнды мәліметтер табылды. Атап айтқанда, олардың мектеп жанындағы лагерьлерде, медицина пункттерінде, құрылыс саласында еңбек еткені және қазақ халқының салт-дәстүрімен танысқаны жөніндегі құнды деректер кездеседі.

Зерттеу жұмыстарын Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Сатаева жүргізіп, Вильнюс, Каунас, Клайпеда қалаларындағы Орталық мемлекеттік архивтерінде болды.

Сапар барысында аймақтық архив басшыларымен кездесулер өтіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Нәтижесінде, XIX ғасыр­дың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ және литвалық әйелдер бейне­сіне арналған фотокөрме ұйым­дастыру жөнінде келісім жасалды.