Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстан тұрғындарына республика бойынша ауа райы қолайсыз болатынын ескертті. Мекеме қазақстандықтарды мүмкіндігінше үйде болуға шақырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Төтенше жағдайлар министрлігі синоптиктер болжамынша ел өңірлерінде дауыл тұрып, жел екпіні 23–28 м/с дейін жететінін, найзағай жарқылдап, бұршақ жауатынын, кей өңірде ️35°C-қа дейін аптап ыстық болса, енді бірінде шанды дауыл болуы мүмкін екенін ескертті.
Сонымен қатар өңірлердің басым көпшілігінде жоғары және төтенше өрт қаупі бар.
ТЖМ қолайсыз ауа райына байланысты мынадай кеңес ұсынды:
- аптап ыстық пен жел кезінде орманға немесе далаға барудан аулақ болыңыз;
- найзағай кезінде ағаш астында тұрмаңыз, көшеде электроқұрылғыларды пайдаланбаңыз;
- от жақпаңыз, жанғыш заттарды күн астында қалдырмаңыз;
- ауа райы нашарлағанда үйде болғаныңыз абзал.