1 маусымды мемлекеттік мереке ретінде бекіту туралы ұсынысқа министрлік пікір білдірді.
Қазақстанда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне мемлекеттік мереке мәртебесін беру бастамасына қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсініктеме берді.
Ведомствоның хабарлауынша, жаңа мемлекеттік мерекелерді бекіту мәселесі министрліктің құзыретіне кірмейді және ол Үкімет деңгейінде келісуді қажет етеді.
"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өз құзыреті шеңберінде ресми жауап жолдады. Алайда бұл жауап Үкіметтің бірыңғай ұстанымы емес. Себебі жаңа мемлекеттік мерекелерді бекіту – бірқатар мемлекеттік органдардың қатысуымен қаралуы тиіс мәселе және ол Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы заңға өзгеріс енгізуді талап етеді", – делінген министрліктің берген ресми жауабында.
Оқи отырыңыз: Сенат рақымшылық туралы заңды мақұлдады: енді 15 мыңнан астам адам бостандыққа шығады
Сонымен қатар, министрлік қазіргі уақытта Мәжіліс депутаты Кенжегүл Сейтжанның ұсынысы Үкімет қарауында екенін мәлімдеді.
"Жаңа мемлекеттік мерекені бекіту туралы түпкілікті шешім барлық қажетті рәсімдер заңға сәйкес аяқталғаннан кейін қабылданады", – деп толықтырды Еңбек министрлігі.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Кенжегүл Сейтжан 1 маусымға мемлекеттік мереке мәртебесін беру туралы ұсыныс жасаған болатын. Еңбек министрлігі бұл бастаманы қолдағанымен, депутаттың демалыс күндерін екі жылға алдын ала белгілеу туралы ұсынысын құптамаған.