• 20-06-2025

Маңғыстаудан табылған ұшқышсыз ұшатын аппаратқа ұқсас нысан тұрғындарды алаңдатып қойды

Маңғыстау облысының Қарақия ауданынан табылған ұшқышсыз ұшу аппаратына ұқсас зат тұрғындарды алаңдатып қойды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Куәгерлердің басылымға берген мәліметінше, белгісіз аппарат 19 маусымда Қарақия ауданында шекаралық аймақтағы "Болашақ" теміржол вокзалының маңынан табылған.

Басылым тілшісі табылған зат туралы тиісті орган өкілдеріне хабарланғанын жазады. БАҚ ашық дереккөздерге сүйене отырып, аталған нысан ұшқышсыз ұшу аппараты екенін атап өткен.

Бұл жайтқа қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісіне Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің өкілдері түсінік берді.

"Маңғыстау облысының полиция департаменті уәкілетті қызметтермен бірлесе отырып, Қарақия ауданында ұшқышсыз ұшатын аппараттың сынықтарына ұқсас заттың табылуына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нысан шалғайдан, елді мекендерден алыс жерде табылған, ешқандай зақым жоқ. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр", — делінген полиция хабарламасында.