
Көп ауруға ем болған қызыл майды өмірде көрмегендер кем шығар. Ал сол дәрілік өнімді өндіріске енгізген ғалымды екінің бірі біле бермес. Ол – фармаколог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Раиса Сәлмағамбетқызы Көзденбаева.
Оның әкесі Сәлмағамбет соғыстың алғашқы күнінен кетіп, әулетке иелік етіп қалған әкесінің ағасы Бақыт Көзденбаев боранға қарамай шанамен келіп, келінін босандырып алған акушер-гинеколог Раиса Васильевнаның есімін шақалаққа берген екен. Сол сәби түбі дәрігерлік жолға түсті. Әрі жай емес, елімізде аса дамымаған салаға бет бұрды. Ақтөбе медицина институтын 1965 жылы үздік бітіріп шыққандықтан, оған Николай Пирогов атындағы Ресей мемлекеттік медицина университетінің аспирантурасына жолдама берілді. Аспирантураны 1968 жылы фармакология бойынша тәмамдап, ғылым кандидаты болды. Мәскеудегі оқуында көзге түскен Р.Сәлмағамбетқызын сондағы университет басшылығы жағдайын жасап, жұмысқа алып қалды. Алайда сол жылы Ақтөбе медицина институтына ректор болып келген 37 жастағы Төрегелді Шарманов Мәскеуге қайта-қайта хат жазып жүріп, бірде-бір ғылым кандидаты жоқ фармакология кафедрасына шақыртып алған. Содан бері ол отандық медицина ғылымын дамытуға аянбай тер төгіп келеді. Осы жылдар аралығында кейіпкеріміз 4 монография, 300 ғылыми мақала, 30 оқу құралын, 20 ғылыми-әдістемелік ұсыныс пен ақпараттық кітапшаларды, орыс-қазақ медициналық-фармакологиялық сөздігін жазды. 28 патент, алдын ала патент пен авторлық куәліктердің иегері, сондай-ақ 11 фитопрепарат авторы атанды, 49 ғылым кандидатын, 6 ғылым докторын даярлады.
Көп табысты жұмысының ішінде қызыл майды айрықша атап өтуге тұрарлық. Қазақ «Баланың жақсысы – нағашыдан» деген, кейіпкеріміздің нағашы ағасы Тайыр Шомбалов (Чумбалов) – Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітірген, елімізде жаңа бағыт – өсімдіктер химиясын қалыптастырған, 300-ден аса өсімдіктің полифенолдық құрамын зерттеп, көптеген биологиялық активті зат пен жаңа емдік препарат алып, медицинаға енгізген ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор. Ал Раиса Сәлмағамбетқызының нағашы атасы – Мәжит Шомбалов алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Қазан университетін бітірген Қазақстандағы тұңғыш фармаколог, чумолог дәрігер, республикамыздағы дәріхана жүйесінің негізін қалаған. 1908 жылы елімізде алғаш рет Орал қаласында обаға қарсы зертхана ашқан адам. Кейіпкеріміздің анасы он үш жасында жетім қалып, Мәжит ағасының қолында тәрбиеленгендіктен нағашы атасы болып кеткен. Алматыда орналасқан осы Мәжит атасының атындағы дәріханаға жолы түскенде оған «Қызыл майдың» авторлары Владимир және Евгений Перепелица өнімнің құрамын көрсетіп, жалпақ жұртқа тарату үшін ғылыми негіздеуге көмек сұрапты. Ал майдың құрамын Евгений қатты ауырғанда дәрілік өсімдіктермен емдеген 106 жастағы кейуанадан алыпты. Сол жолы ағайынды екеудің дайындаған бір бөшке қызыл майын Ақтөбеге әкеліп, екі жыл бойы жануарларға тәжірибе жасап, майдың қабынуға, ауруды басуға өте пайдалы екеніне көз жеткізді. Сөйтіп, 1994 жылы елдегі фармакологиялық комитеттен, бір жыл өткенде Мәскеуде тіркеуден өткізді. «Қызыл майдың» қолданысқа енгізілуіне күш салған ол осының бәрін бір тиын алмастан, сол кездегі зертханалар жағдайының сын көтермейтініне қарамастан, бастысы көптің қамы үшін жасады. Тек ғалымға көмектескен студенттерге май авторларының үш жыл бойы 5 мың теңгеден шәкіртақы тағайындағаны көңіліне қуаныш ұялатқан-ды.
Осыдан соң ол Ақтөбеде өсетін өсімдіктерді шәкірттерімен бірлесе жинап, сараптамалық, клиникалық, химиялық, радиациялық тексерулерден өткізіп, қиын да көп жылға созылған жұмыстардың нәтижесінде 11 дәрілік өсімдік майын жасап шығарды. Сол дәрілік өсімдіктердің бесеуі, яғни мия, ошаған, шүкір, қалақай, түйежапырақ майы қолданысқа енгізілді. Ғылыми еңбегінің теориялық тұрғыда қалып қоймай, өндіріске енгізілгенін, сол арқылы халық та игілігін көрсе деген ниетпен «Сара» ғылыми-өндірістік кооперативін ашып, осы майларды өндірген. Бірақ әлемдік стандартқа сай болу үшін зауыт салу керек болып, жасы келген жан қаржы тартуға құлық танытпай, кооперативті жауып, барлық патентті «ФитОлеум» серіктестігіне берген екен.
Бүгінде еліміздегі дәріханаларда препараттар толып тұр. Соның бәрі мемлекеттік тіркеуден өткізіліп, мемлекеттік регистрге енгізіледі. Кейіпкеріміз 2005–2010 жылдары осы жұмыспен айналысатын Алматыдағы Республикалық дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығының фармакология басқармасын басқарды. Қазір де осы орталықтың ғылыми білім беру орталығына басшылық етіп отыр. Фармакология басқармасында жүрген кезеңде маман тапшы болғандықтан, Р.Сәлмағамбетқызы елімізде қолданысқа енгізілетін әр дәрінің нұсқаулығын таңнан түннің бір уағына дейін бас алмай жіті бақылады. Фармакологияда әлі күнге зерттелмей жатқан тақырып көп, ал соларға бас қоятын кейіпкеріміздей кәсіп иелері қат. Сол себепті де шығар, даламыз дәрілік өсімдіктерге бай бола тұра елімізде сатылатын емдік препараттардың көбі осы уақытқа дейін шетелдерден әкелінеді.