• 21-11-2025

«Астана сазы» ансамблі Лондонда өнер көрсетті

Ұлы даланың ұлттық мәдениеті Ұлыбританияда паш етілді. «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі Лондон сахнасына шығып, шетелдіктердің зор қошеметіне бөленді .

Бұл қазақтың ішекті, үрмелі және ұрмалы аспаптары арқылы мәдени мұраларымызды Лондон төрінде жаңғыртқан концерт болды. «Астана сазы» ансамблі фольклорлық шығармалар орындаумен қатар кросс-жанрлық форматта, яғни әмбебап тілде өнер көрсетіп, тыңдаушыға жақындауға ұмтылды.

Нұркен Якияев, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі:

- Заманауи стиль, синтез дейміз. Мына батыстың блюзы болсын, джазы болсын, эксперимент ретінде жасалған. Бірақ өте сәтті шықты десем болады.

Талғамы биік жергілікті көрерменді таңғалдыру қиын. Бірақ олар Ұлы дала сазын өте жылы қабылдады. Домбыра мен сыбызғыны ұйып тыңдап, дауылпазшыға ілесіп, қол соқты, тік тұрып қошемет көрсетті.

Сабина Массас, көрермен:

- Әдемі ұлттық киім киген музыканттарды көру, ұлттық аспаптарды тыңдау – үлкен бақыт. Бұл еуропалық оркестрлермен салыстырғанда мүлдем басқаша.

Дебора Шерлок, көрермен:

- Батыс музыкасын тыңдап өскен біз үшін бұл, әлбетте, ғажайып дүние. Мәселен, скрипкамен салыстырғанда ішекті аспап үнінің ауқымы әлдеқайда кең.

Ұлыбритания қазақтарының да қуанышында шек жоқ. Көпшілігі концертке арнайы дайындалып келген: үстінде ұлттық киім, қолында көк ту. Біраздан бері туған жерінде болмаған отандастарымыз концертті ерекше тебіреніспен тамашалап, елге деген сағыныштарын басты.

Қыдырәлі Оразұлы, көрермен:

- Өте сағындық. Қазақтың осындай фольклорлық ансамблі деген өте керемет. Соны естіп, қуана-қуана келдік.

«Астана сазы» – шетелге гастрольдік сапармен үнемі шығып тұратын өнер ұжымы. Концерттері жиі аншлагпен өтеді. Франция, Испания, Қытай және басқа да елдерде болған. Ұлттық өнерді дамытып, насихаттау жолында және эксперименттер жасаудан шаршамақ емес.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы