• 21-11-2025

Қарағандыдағы университет ай сайын 600 келі пластикті қайта өңдейді

Ал студенттер қалдықтарды қайта өңдейтін шағын цехтерде тәжірибеден өтеді .

Қарағандыдағы Қазтұтынуодағы университеті тұрақты даму саясатының аясында өзін экологиялық жауапкершілігі зор оқу орны ретінде дәлелдеді. Университет кампустарында 2022 жылдан бері қалдықтарды сұрыптауға арналған 50 контейнер орнатылған экожүйе қалыптасқан. Ай сайын 600 келіге дейінгі салмақта пластик қайта өңделеді. Ал студенттер қалдықтарды қайта өңдеу бойынша шағын цехтерде тәжірибеден өтеді.

Тұрақты даму және креативті индустриялар ғылыми-зерттеу орталығының директоры, PhD Жартай Жәнібектің айтуынша, университет жастары "жасыл" мәдениетті қалыптастыруға зор үлес қосып келеді. Бұл ретте Қазтұтынуодағы университеті студенттерге білім беруден бөлек, оларды нақты жобаларға тарту арқылы олардың экологияға деген жанашырлығын арттырады. Студенттер пластикті бөлек жинау және қайта өңдеу, одан жаңа өнім жасау шараларына, сондай-ақ, экоквесттер мен челлендждерге, жасыл экономика мен тұрақты өндіріс бойынша дәрістерге қатысады.

"Біз үшін экология – жеке бір бағыт қана емес, білім беру, жобаларды жүзеге асыру және кампус өміріндегі маңызды тақырып", – деп атап өтті Жартай Жәнібек.

Университеттің экологиялық бағыт ұстануына Coca-Cola Icecek Kazakhstan және G-Global "жасыл" экономика коалициясы бастамашы болған "3.2.1. Старт!" негіз болды. Бұл жоба практикалық шешімдерге. Инфрақұрылым жасауға, өндірістік циклді қолданысқа ендіруге, нарыққа экоөнімдерді шығаруға бағытталған.

"Бұл жоба біздің трансформациямызға түрткі болды. Студенттер бүгінде жобаларға қатысып қана қоймай, өздері де бастама көтереді. Біз зертханалар, коворкинг орталықтарын, шағын цехтерді, тіпті ЖОО логотипімен экобрендті де іске қостық", – деді Жартай Жәнібек.

Бұл жоба университетке экология мен кәсіпкерлікті біріктіруге мүмкіндік берді. Университет пластикті қайта өңдеу бойынша шағын цехті іске қосуды жоспарлап отыр. Цехте бірінші кезекте жиһаз элементтері, телефон қойғыштар, қабырғаға арналған декорлар және кеңсе тауарлары жасалмақ. Ал университеттің болашақ жоспарында көше орындықтары мен кампусқа арналған тақтайшалар сынды ірі бұйымдар жасау да бар.