• 05-05-2026

Отандық режиссер Аустрияға шақырылды

« Астана Опера» режиссёрі Еренбақ Тойкенов 2 шілдеден 31 тамызға дейін опера өнері әлеміндегі жетекші халықаралық жобалардың бірі – Аустриядағы Вена опералық фестиваліне шақырту алды, деп жазады Egemen.kz.

Ол Вольфганг Амадей Моцарттың «Барлық әйелдер осылай жасайды немесе Ғашықтар мектебі» және Джузеппе Вердидің «Травиата» қойылымдарын сахналауға қатысады.

Вена опера академиясының директоры Хесус Леонның айтуынша, академия дүниежүзінен небәрі төрт режиссёрді таңдап алған. Олардың қатарында Еренбақ Тойкенов те бар. Ол әлемдік біртуар опера режиссёрі Тим Клейдонның ассистенті ретінде шақырылды.

Айта кетейік, Еренбақ Тойкенов ұлттық, сондай-ақ әлемдік репертуардағы спектакльдерді қойып келеді. Бұл шақыру оның 2022 жылы Мәскеуде өткен «Nano-Opera» халықаралық опера режиссёрлері байқауындағы жеңісінің жалғасы. Ол кезде жерлесіміз әлемнің түпкір-түпкірінен қатысқан 200-ден астам опера режиссёрінің арасынан алға суырылып шыққан еді. «Nano-Opera» байқауындағы жеңістің нәтижесінде Е.Тойкенов «Астана Опера» сахнасында Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» қазақ ұлттық операсын қою құқығына ие болды. Спектакль жоғары бағаланып, тәуелсіз сарапшылар қойылымды «Жыл операсы» атағына лайық деп таныды.