• 21-11-2025

Ақмола облысының 20 мектебінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Ақмола облысында алдағы 3 жылда 90 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды 24KZ. Жыл соңына дейін соның 20-сын толықтай қалыпқа келтіру жоспарда бар. Оған ел қазынасынан 6 млрд теңге бөлінді. Әсіресе тым ескі және оқушы саны көп білім ошақтарына басымдық берілген .

Зеренді ауданының орталығында орналасқан мына мектеп өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған. Міне, сол уақыттан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Қазір мұнда 800-ге жуық бала оқиды. Реновация жобасы аясында білім ошағына 500 млн теңге бөлінген. Нәтижесінде ескірген ғимарат толығымен жаңартылады.

Айгүл Қапарова, Зеренді ауылының тұрғыны:

- Бұл мектепте менің 2 балам оқиды. Әрине, осы жаңа естігенде қатты қуандық. Ата-аналар болсын, оқушылар тарапынан болсын, қатты қуандық. Біздің мектепке жөндеу жұмыстары керек болды. Ғимарат ескі. Көптеген оқу сыныптары заман талабына сай емес. Сол себептен осы қайта құру – оқу ортасын жақсартуға жасалған үлкен қадам.

Қазір құрылыс жұмыстарының тең жартысы орындалған. Мердігерлер: «Нысанды жаңа оқу жылына дейін тапсырамыз», – деп сендіріп отыр.

Төлеген Смайылов, мердігер ұйымның өкілі:

- Бүгінгі күнге дейін біз мектеп шатырын толық ауыстырдық. Жылу жүйелерін қалыпқа келтірдік. Енді ішкі әрлеу жұмыстарына кірістік. Қазір құрылыс жұмыстарына 350-ге жуық адам жұмылдырған.

Биыл реновация жобасы бойынша 20 мектеп жаңа кейіпке енеді. Оның бесеуі Зеренді ауданында.

Динара Кенжеболатова, Зеренді аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Қазір осы 5 мектепте құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. 3 жоба екі жылға жоспарланған. Құрылыстың сапасын үнемі қадағалап отырамыз.

Әсет Дүйсенбаев, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Жалпы реновациясының күрделі жөндеуге қарағанда сәл артықшылығы бар. Яғни жоба аясында білім ошағы жаңартылып қана қоймай, техникалық базасы да нығайтылады. Заманауи құрал-жабықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл өңірдегі білім сапасын арттыруға да ықпал етеді.

Келер жылы өңірде жоба аясында 29 білім ошағын қалыпқа келтіру көзделген. Ал 2027 жылғы жоспарда 41 мектеп бар. Осылайша алдағы үш жылда 90 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко