• 04-05-2026

Алматыдағы көшелердің бірі 10 шілдеге дейін уақытша жабылады

Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына жолдағы кезекті қолайсыздықтар жайлы ескертілді. Белгілі болғандай, 10 шілдеге дейін Мамыр көшесінде Абай даңғылынан Медеубеков көшесіне дейінгі аумақ жабық болады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Almaty_Joly Telegram-арнасы таратқан мәліметке сүйенсек, бұл өзгеріс аталмыш аумақта жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарымен байланысты.

"Су құбыры мен кәріз жүйесінің инженерлік желілерін жүргізуге байланысты шектеу қойылып отыр. Жөндеу жұмыстары жүретін аумақтың ұзындығы шамамен 650 метр",- делінген ақпаратта.

Ведомство бұл жұмыс Наурызбай ауданының инженерлік инфрақұрылымын дамыту аясында қолға алынғанын атап өтті.

Сондай-ақ, тұрғындардан маршрутты жоспарлау кезінде осы ақпаратты ескеру сұралды.

Бұған дейін Алматыда Райымбек даңғылының бір бөлігі уақытша жабылатындығын жазғанбыз.