• 21-11-2025

 Демеу Жадыраев бозкілемге оралады

Демеу Жадыраев алдағы айда бозкілемге оралады.

Париж олимпиадасының жүлдегері ұзақ үзілістен кейін қайтадан ресми жарыстарға қатыспақ. Бұл жөнінде ұлттық құраманың бас бапкері Қонысбек Төкенов мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда, Демеу тамыз айында Германияның Дортмунд қаласында өтетін Гран-при турнирінде өнер көрсетеді. «Егер ол бұл жарыста жақсы нәтиже көрсетсе, әлем чемпионатына қатысатын үміткерлердің қатарына қосылады», — деді бас бапкері sportbugin.kz сайтына берген сұхбатында. Еске сала кетейік, Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасында грек-рим күресінен 77 келі салмақ дәрежесінде финалға дейін жетіп, алтын үшін белдесуге мүмкіндік алған болатын. Алайда шешуші сында жапондық Нао Куссакиге жол беріп, күміс медальді қанағат тұтты.

«Ақтөбе» «Легиядан», «Ордабасы» «Торпедодан» жеңілді. Қазақстандық клубтар Еурокубоктардағы бәсекені салыстырмалы түрде сәтсіз бастады. Бірақ, келесі кезеңге өтуге мүмкіндіктері бар. Нақтырақ айтқанда, «Ақтөбе» футбол клубы Еуропа лигасының іріктеу кезеңі аясында польшалық "Легиямен" кездесті. Сырт алаңда болған матч 1:0 есебімен аяқталды. Жалғыз голды «Легия» сапындағы Ваган Бичахчян соқты. Енді қос команда 17 шілдеде Ақтөбеде кездеседі. Сол матч қорытындысы бойынша келесі кезеңге өтетін команда анықталады. Бұған қоса Конференциялар лигасы аясында шымкенттік «Ордабасы» кутаисилік «Торпедомен» кездескен еді. Бұл матч та сырт алаңда, яғни, Грузияда өтті және ойын барысында 7 бірдей гол соғылды. Қорытынды есеп: 4:3. Алаң иелері бір гол айырмасымен алға шықты. Бұл жұптың жеңімпазы да қарымта матчта анықталады. Екі команда енді 17 шілдеде Шымкент қаласында жолығады.

Қазақстан құрамасы бір саты төмендеді. Халықаралық футбол федерациясы соңғы ойындарды саралап, әлемдік рейтингті жаңартты. Оған сәйкес Қазақстан құрамасы 1 саты төмендеп, 114-орынға жайғасты. Яғни Мавретания, Ливия, Вьетнам, Мадагаскар, Зимбабе және Ливия сияқты елдермен қатарлас тұрмыз. Топ басында – Аргентина. Үздік үштікті Испания мен Франция түйіндеді. Айта кетейік, Әли Әлиев баптайтын ұлттық құрама соңғы рет тура бір ай бұрын Солтүстік Македониямен кездесті. 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы матч 1:0 есебмен аяқталып, қазақ жігіттері өз алаңына есе жіберген болатын. Бұған қоса, биыл Қазақстан құрамасы Уэльстен 3:1 есебімен жеңілді, Лихтенштейнді 2:0 есебімен жеңді. Соның нәтижесінде қазір «J» тобында төртінші орында тұрмыз. Топ басында — Солтүстік Македония. Екінші орында Уэльс, үшінші орында Бельгия құрамалары. Ал Лихтенштейн бесінші, яғни ең соңғы орында. Ұлттық құраманың келесі матчы қыркүйекте болады. Нақтырақ айтқанда, 4 қыркүйек күні өз алаңымызда Уэльске қарсы қарымта матч өткіземіз.

Бокстан халықаралық турнирге дайындық

10 боксшымыз Қытайға аттанды. Көрші елде былғары қолғап шеберлері арасында халықаралық турнир өтеді. Ерекшелігі сол, оған Куба және Өзбекстан құрамалары қатысып жатыр. Қытай боксшылары да толық құрамда бақ сынайды. Ал еліміз атынан 10 боксшы өнер көрсетеді. Оның төреуі жастар арасынан іріктелініп алынды. Яғни алдағы Азия чемпионаты алдында тәжірибе жинап, шеберлік шыңдауға жақсы мүмкіндік. Атап айтқанда, 57 келіде Жасұрбек Анарбаев, 63,5 келіде Сералы Жолмағамбет, 71 келіде Нұржан Амангелді және 80 келіде Бақберген Әлиасқаров шаршы алаңға шығады. Бұған қоса ересектерден Бекзат Алдамжаров, Асылжан Серікбай , Жандос Қыдырәлиев, Ильяр Аширов, Нұрмағамбет Юсупов және Даниял Сапарбай жарысқа араласады. Кеше жеребе тарту рәсімі өтті. Енді бүгін негізгі бәсекелер басталады. Қытайдағы халықаралық турнир 17 шілдеге дейін жалғасады.