• 27-07-2025

Сот Перизат Қайрат ісін жабық форматта қарап жатыр

Астанада Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр.

Бүгінгі отырысқа 3 жәбірленуші қатыспады. Олармен байланысу мүмкін болмаған. Сол себепті тергеу барысында азаматтардың берген жауабын мемлекеттік айыптаушы өзі оқып шықты. Прокурордың сөзінше, жәбірленушінің бірі — Biz Birgemiz қорына 60 мың теңге көлемінде қаржы аударғаны айтылды. Зардап шеккен тараптың тағы бір өкілі — Жалеловтің жауабына сәйкес «Aneko L» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталған қорға 3 миллион теңге салған. Манарбек Бұхарбаевтың да отырыста аты аталды. Ол Перизат Қайрат жетекшілік еткен қайырымдылық ұйымына Маңғыстау облысы Қазынашылық департаментінің атынан 231 500 теңге жібергені айтылды. Сөзінше, департамент қызметкерлері қайырымдылық мақсатында жинап қолдау білдірген. «Алайда маған ешқандай есеп берілмеді», — депті өз жауабында. Айта кетсек, қазіргі таңда сот Перизат Қайрат ісін жабық форматта қарап жатыр. БАҚ өкілдеріне жоспарланған трансляция өшіріліп, сот залынан іс тараптарынан басқа азаматтарды шығару туралы шешім қабылданған.